Қордайдағы жанжал салдарынан шыққан шығын көп ұзамай бекітіледі

11.02.2020 01:01

Қаржы министрінің айтуынша, қаражат үкімет резервінен бөлінуі мүмкін

Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысынан кейін кулуарда журналистердің сауалына жауап берген Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Бүгінгі таңда Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір олар Жамбыл облысының Қордай ауданында. Жұмыс аяқталысымен сәйкесінше шешімдер қабылданады. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы үкіметтік комиссияға қираған, өртенген үйлер мен өзге де залалды анықтап, реттеу бойынша жоспар құруды тапсырған болатын», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Қаржы министрінің сөзінше, қаражат үкіметтің резервінен бөлінуі мүмкін. Алайда, нақты шешім тек комиссияның жіті талдауынан кейін қабылданады. Әзірге залалдың сомасы белгісіз. Журналистердің Үкімет төтенше жағдайға байланысты қаржы бөлді ме деген сауалына вице-премьер былай деп жауап берді.

«Қаржыландырудың осы реттегі мәселелерін жергілікті бюджет пен сол жердегі республикалық ұйымдар шешеді. Оларда ағымдық қаржыландыру бар. Бірақ қазір қосымша қаражат қажет болатын шығар. Қандай мөлшерде, қандай мақсатқа және қандай мерзімге екені жуық арада шешіледі. Залалдың орнын толтыру, өтемақы төлеу сияқты мәселелер комиссия жұмысын аяқтаған соң шешілетін болады», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.