Лидерлік қасиеті бала кезінен байқалды – Елбасының сыныптастары өз естеліктерін бөлісті

02.12.2021 01:29

Қазыналы қариялар мерейлі мереке күні ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі

Almaty.tv

«Оның лидерлік қасиеті мен көшбасшылығы бала кезден байқалды». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған сыныптастары мен замандастары осылай дейді. Ол мектепті үздік оқып ғана қоймай, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытқан. Салтанатты шаралар мен маңызды жиындарды мұғалімдер Нұрсұлтанға ғана сеніп тапсыратынын айтады. Ұйымдастырылған байқау мен жарыстардың бәрінде жүлдегер атанатын да бала Сұлтан еді дейді сыныптастары. Бүгінде бәрі де бір-бір үйдің қазыналы қарттары болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Соғыс енді аяқталып, ел ақырындап ес жиып келе жатқан кезді бейнелеген көрініс шамамен 1946 жылдары түсірілсе керек. Бұл кезде Алматы облысында жалғыз қазақ мектебі бар еді. Ол – Абай атындағы білім ордасы. Кішкентайынан өзге балалардың арасынан ерек болып көзге түскен бала Сұлтан алғыр әр іске ұқыптылықпен қарайтын дейді Елбасы сыныптастары. Болашақ Президент сол кезде ұйымдастырушылық қабілетінен бөлек, биден алдына жан салмаған көрінеді.

«Әрқайсымыз қасына келіп қол шапалақтасақ, жұптасып билеп жүрген ұл-қыздардың орны ауысып кететін еді. Сонда жақсы билейтін қыздардың көбі Нұрсұлтанмен билеуге тырысатын», – деп еске алады ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының сыныптасы Рабис Ғарифқызы.

Тұңғыш Президентті бала кезінен білетін Едіге Исатайұлы оның кішкентайынан көпшіл екенін айтады. Ол Елбасының сыныптастарын үнемі татулыққа шақырып жүретін адамгершілік қасиетін жоғары бағалайды. Бүгінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында ішкі тұрақтылық сақталып, халық бірлігінің бекем болғаны сол бала кездегі асыл қасиетінің көрінісі дейді Едіге Жүнісбеков.

«Ешкіммен ұрыспайтын, бізден бөлініп кетпейтін, өзі қарулы болатын әрі жақсы оқитын. Ешкімге өзінің күшті екенін байқатпайтын. Әлдеқайда бізден ересектеу, ақылды еді. Сол кезде өзі жақсы оқыды. Өзінің бір сүйкімді күлкісі бар. Біз бір-бірімізбен ұрсып қалсақ, татуластырып, сол уақыттың өзінде лидерлік қасиетін танытып жүрді», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тағы бір сыныптасы Едіге Жүнісбеков.

Елбасының жайлауға барып, сырғанақ ойнап жүрген кезі. Осы тұста байқаусызда ойын баласы жыландар ордасына түсіп кеткен. Сонда шөптен шап беріп ұстап қалып, бар дауысымен айқайлайды. Сол кезде бала Сұлтанды көп болып шұңқырдан аман-есен шығарып алыпты.  

«Апамыз үйіне апарып, «балаң қайтадан дүниеге келді» депті. Сонда әкесі ұрыспаған екен. Ертеректе аңызда осындай жағдай болған екен. Ордалы жыланға сүт құйса, ордалы жыландар басымен баланы алып шығыпты. Бұл ғаламда ештеңе жайдан-жай болмайды дейді. Соның бәрі Нұрағаның алдында үлкен жұмыстар тұрғанын білдірсе керек деп ойлаймыз», – деді «Елбасының сыныптастары және курстастары» ұйымының республика бойынша жетекші ұйымдастырушысы Бақытжан Серпеков. 

Елбасының сыныптастары мен замандастары – бүгінде әр үйде немере мен шөберенің қызығын көріп отырған құрметті қариялар. Реті келсе, жыл сайын бас қосып, шер тарқатқанды жандары сүйеді. Ол жиынға Елбасын шақыруды да ұмытпайды. Қазыналы қариялар мерейлі мереке күні ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілейді.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы