Райымбек батыр даңғылының бойында орналасқан екі қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Ондағы тұрғындар қабырғасы қаңырап, сылағы түскелі тұрған ғимаратта өмір сүруге мәжбүр. Алаңдаған жұрт Akimat Live бағдарламасына хабарласып, қала әкіміне мән-жайды баяндаған еді. Тұрғындардың айтуынша, екі қабатты үйді аудан әкімдігі сүрілуі тиіс үйлердің қатарына қосқан. Десе де әлі күнге құрылыс жұмыстары басталмапты. Себеп неде? Мәселе қалай шешіледі? Almaty.tv тілшісі толығырақ айтады.
Ләззат Ешмұханбетова – бұл үйде тұрып жатқанына 60 жыл болған. Содан бері 3 мәрте қайта жаңарту құрылыс жұмыстары жүргізілгенін айтады. Қазір құбырлары мен жылу желілері әбден тозған. Дәліз тұрмақ, үй ішінде төбеден су сорғалап ағып тұр. Мұндай үйде бұдан әрі тұрғындар мекен етуге қорқып отыр.
«Біздің сұрайтынымыз – қазіргі мәселемізді оңынан шешіп беруін қалаймыз. Үйді сүріп жаңасын салудан басқа шешім жоқ. Қала ортасында отырсақ та, кей кездері ыстық су мен газдан тапшылық көріп отырамыз», – деді қала тұрғыны Ләззат Ешмұханбетова.
Аудан әкімдігі баспаныны сүрілуі тиіс үйлердің тізіміне әлдеқашан қосып қойған. Ол үшін инвесторды да тауып, құрылыс жұмыстарын бастауға дайын отыр. Мұндағы тұрғындар да үйді қиратып орнына жаңа үйді салуға қос қолдап келіскен. Десе де бар мәселе мынада екен.
Бар мәселе мына қонақ үйге қарап тұр. Сыртына қарап қонақ үй деп атауға келмейді, әрине. Десе де мына екі қабатты үйді сүру үшін мына қонақ үйді де қирату керек екен. Кәсібін дөңгелетіп отырған қонақ үй иесі оған келіскісі жоқ. Сондықтан да бар жұмыс тоқтап тұрған көрінеді.
Аудан әкімдігінің айтуынша, қазір екі қабатты тұрғын үй қауіпті қызыл сызық аймағында орналасқан. Инвесторлар бұл үйді сүріп тастап орнына үй тұрғыза алмайды екен. Олар көп қабатты баспананы қонақ үйдің орнына салмақшы.
«Біз қазір инвесторлармен бірлесіп қонақ үй иесімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз оған қаланың басқа бөлігінен жаңа ғимарат берейік немесе қонақ үйді сатып алайық деп ұсыныс жағанбыз. Алайда оған келіспей отыр. Қазір жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бір шешімге келеміз», – деді Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.
Қазір Алмалы ауданында тізім бойынша 131 тұрғын үй сүрілуі керек. 2008 жылдан бері 20 ескі үйдің орнына жаңа зәулім баспана тұрғызылып 144 отбасы су жаңа пәтерге көшірілген.