|
29.10.2020 | 21:15
7675

Алматыда «Бақытты отбасы» орталықтары арқылы 67 мың адамға қажетті кеңес берілген

Алатау ауданында бір жылда 25 мың әйел түрлі курстардан өткен

Алматыда «Бақытты отбасы» орталықтары арқылы  67 мың адамға қажетті кеңес берілген @almaty_akimat

«Бақытты отбасы» орталығы аналарды өзіне, өзінің мүмкіндігі мен жан қалауына сенуге үйретіп, арманға қол жеткізуіне жәрдемдескен. Қаланың 8 ауданында орналасқан орталықтарда жалпы 67 мыңнан астам адамға ақпараттық кеңес беру қызметі көрсетілген. Тек бір ғана Алатау ауданында бір жылда 25 мың әйел түрлі курстардан өткен. Қазір олардың көбі аяққа тұрған кәсіпкер атанып үлгерген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының мүшелері бір шаңырақтың балаларындай болып кеткен қазір. Мұнда келген әрбір әйелдің өз алдына айналысар ісі бар. Біреу қолөнермен, енді бірі тігін тігуді үйренеді. Ал екі баланың анасы Мөлдір Жүнісбекова осындағы аналарға тігін тігуді үйретеді. Мөлдірдің бастапқыда кішігірім ательесі болған. Алайда қысыл-таяң сәт туып, ісі тоқтап қалады. Бірақ сынға берілмеген ол сүйікті ісін  «Бақытты отбасы» орталығында жалғастырады. Ол бір жыл ішінде 500 әйелге ине ұстап, киім пішуді үйретеді, бүгінде оның 200-дейі өз жұмысын тауып үлгеріпті. Ал Мөлдірдің өзі қайта цех ашып, кәсібін дөңгелетуді көздеп отыр.

«Мені «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша осы жерде грантқа дайындады. Мен бір жұма бұрын 2,5 млн грант ұттым. Құдай қаласа, осы грантқа желтоқсанда өзімнің цехымды ашамын және 10 әйелге жұмыс бере аламын», – деді Алатау ауданының тұрғыны Мөлдір Жүнісбекова .

Ал көпбалалы ана Оксана Каменских кондитерлік бұйымдар жасауды кәсіпке айналдырған. Ол да орталықта бір жылдай еңбек етіп Бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге ие болған. Қазір ол бизнесін дамытуға керекті құрал-жабдықтарын сатып алып қойған.

«Қазір келісім-шарт жасалып жатыр. Жыл соңына дейін қажетті құрылғылар жеткізіледі. Бұдан бөлек мен волонтерлік қызметпен де айналысамын. Мәселен, біз тобымызбен карантин кезінде мұқтаж жанжарға азық-түлік тараттық», – деді Алатау ауданының тұрғыны Оксана Каменских.

Жалпы жыл басынан бері «Isker Ana» бағдарламасы аясында 27 мың әйел қажетті көмек алған. 25 мың ана 31 бағыт бойынша түрлі курстардан өткен. 300-і кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз ісін ашуға ниеттенген.

«Біз олардың көз алдымызға қалай өзгеріп, гүлденіп жатқанын көріп келеміз. Әрине, бұл біз үшін қуаныш. Пандемияға қарамастан аналарымыз ешкімге масыл болмай, үйде отырып түрлі тәттілер пісіріп ақша тапты. Әлі де өз күшімен табыс тауып жүргендері қаншама. Карантин кезінде халат, маска, бахил сияқты бұйымдарды тігіп табыс тапты. Қазір әйелдер айына кем дегенде 60 мың теңгеден 280 мың теңгеге дейін тұрақты түрде табыс тауып жатыр», – деді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Басирова.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында әкімдіктен инновациялық жобаларға 5 млн көлемінде гранттар бөлінеді. Мұны осындағы 5 әйел иеленіп үлгерген. «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы арқылы 67 мыңнан астам адамға ақпараттық кеңес беру қызметі көрсетілген. Орталық тағдыр тезіне түскен талай отбасыға араша болып, рухани, материалдық қолдаулар көрсетіп келеді. Мәселен, осы Алатау аудандық «Бақытты отбасына» күніне 150 адам көмекке жүгінетін көрінеді.

Назкен Еркін, Рамина МИрзалимова, Медет Саматұлы, «Алматы» анасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир