«Жайнақ» ықшамауданында 200-ден астам отбасы жерінен айырылып қалуы мүмкін

07.01.2020 в 01:02

Жер инспекциясы бұл үйлерді бас жобаға сәйкес келмейді деп айыптауда

Боралдай кенті маңындағы 15 гектар жерді алып жатқан бұл ықшамауданда қазіргі таңда 50-ден астам үйлер бар. Ал, жер инспекциясы бұл тұрғызылған үйлерді бас жобаға сәйкес келмейді деп айыптауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Боралдай кенті маңында орналасқан «Жайнақ» ықшамауданындағы жер учаскелері бұрын-соңды елдімекен шекарасында ортақ меншікте болған. Кейін меншік иелерінің өтініші бойынша ол жерлер бөлінуге берілген. Соңғы жылдары бұл жерлерді қазір тұрып жатқан тұрғындар сатып алған. Кейбір үйлердің тағаны құйылса, біразы тұрып жатыр екен. Ал, үйлердің бас жобаға сәйкес келмейтіні жөніндегі арыз тұрғындарды қатты әбігерге салып отыр.  

3 баланың анасы Анар 15 жыл бойы жеке баспаналы болуды армандап келген. Ал, қыркүйек айында армандары жүзеге асып, өздері соққан үйлеріне көшіп кірген. Қазіргі таңда көпбалалы отбасы баспаналарынан айырылып қаламыз ба деп қорқуда.

Төртінші нәрестесін күтіп отырған жас ана осы жерді сатып алу үшін жары екеуі күні-түні тынбай еңбек еткенін айтады. Тіпті баспаналы болу үшін 2 несие алып, үйлерін тұрғызуға 8 миллион теңге қаражат жұмсаған. Жақында ғана баспаналы болған көпбалалы отбасы жер инспекциясынан келген бұл арыздың мүлдем әділетсіз екенін айтып, қолдағы бар құжаттарының заңды екенін алға тартты.

«Өткен жылдың желтоқсан айында бізге соттан арыз келді. Ол жерде біздің кадастрлық нөміріміз тізімде тұр екен. Біздің мемактіміз бен сатып алу және сату шартымыз жарамсыз делінген. Соттың алдын ала отырысы да болды. Бәрі айтылды. Енді мен қазір төртінші баламды дүниеге әкелуге дайындалудың орнына, соттың жұмыстарымен жүруге дайындалып отырмын. Бұны әділетсіздік деп есептеймін. Мемлекетіміз біздің мәселемізді шешіп береді деп үміттенемін», - деді Анар АЛҒАЗЫ.

Жер телімдерінен айырылып қалуға қорыққан «Жайнақ» кентінің тұрғындары жерді жеке тұлғадан сатып алғанын және құжаттар заңды түрде тиісті мекемелермен жасалғанын айтады. Ол құжаттардың заңсыз деп танылғаны әлі де тұрғындарға түсініксіз болып отыр. Тіпті оларға құқықтарын сотта қорғайтын заңды өкілді жалдауға да тура келіпті. Қорғаушының айтуынша, жер инспекциясы меншік иелерінің құқығын жоюды талап етіп отыр екен.

«Талап бойынша ауданның Боралдай кенті әкімінің 2017 жылғы 29 маусымындағы №146-өкімін заңсыз деп тану және күшін жою, мына жерде сол жерлердің барлық кадастрлық нөмірі көрсетілген. Сонымен қатар жер учаскелерінің жеке меншік құқығының мемлекеттік тіркеуден жоюын сұраймыз деп осылай талап қойып отыр», - деді қорғаушы Нұрлан БАЙҒАЗИЕВ.

Жер инспекциясының айыбы бойынша аталмыш ауылдағы үйлер бас жоспарға сай жүргізілмеген екен. Десе де, жергілікті әкімдіктегілер бас жоспарды өзгерту жұмыстары басталғанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, 2-3 ай ішінде олар жергілікті жердің жаңа бас жоспарын әзірлеп, халықтың құқығын қорғауға тырысамыз деп отыр.

«Көпқабатты үйлер салынуы қажет деген жоспар болған перспективада. Енді алайда қазір жер инспекцияның арызына сәйкес біз оны заңдастырып жатырмыз. Яғни, бұл жерде көпқабатты емес, осындай қарапайым тұрғын үйлер болады. Соған келтіріп, заңдастырудамыз. Қалай болғанда да, сотта біз өзіміз халықтың құқығын қорғаймыз», - деді Алматы облысы Боралдай ауылының әкімі Данияр ҚОҢЫРБАЕВ.

«Қазіргі уақытта біздегі бас жоспар мен Боралдай кентін жобалауда егжей-тегжейлі түзетулер жүргізілуде. Ол әлі бекітілмеген. Бірақ жылдың басында, ақпан айында бас жоспар мен кентті түгелдей жобалау бекітілуі мүмкін деп ойлаймын. Жобалау ұйымы облыс деңгейінде конкурс жариялап, біз жеңіске жеткен болатынбыз. Осындай әлеуметтік шиеленіс тудырған бұл мәселе екі ай көлемінде оң шешімін табады», - деді Алматы облысы Іле ауданының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дархан ЖҰМАБЕКОВ.

Бүгінде Іле ауданының соты жер инспекциясы берген Боралдай кенті әкімінің 2019 жылдың соңында шығарған өкімін жою туралы талап арызын қарастыруда. Сондай-ақ, алғашқы тыңдау қаңтар айының ортасында аудандық сотта өтеді деп жоспарланыпты. Әкімдіктегілер, болашақта жер иелерінің мүдделерін сот қорғайды деп үміттеніп отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.