|
01.07.2024 | 20:02
756

Алакөлге келетін туристердің саны артып келеді

Шығыстың шипалы суына шомылуға былтыр 1 миллионға жуық демалушы келген

Алакөлге келетін туристердің саны артып келеді Almaty.tv

Елдегі туризмнің жауһарына айналған Алакөл жағалауында шомылу маусымы биыл жылдағыдан ерте басталды. Абай облысына қарасты айдынды көл ендігіде рекордтық 1 жарым миллион демалушыны қабылдауға қауқарлы. Суы ем, көркіне көз тоймайтын мекенге жылдан жылға шетелден ағылып келетін туристердің де саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қабанбай ауылына қарасты Алакөл - жазда жағалауынан адам үзілмейтін тарихи мекен. Туризмнің тірегіне айналған жерде қазір 238 демалыс орны жұмыс істеп, тағы он шақтысының құрылысы жүріп жатыр. Жаңадан құрылған ауданда одан бөлек, 100-ге жуық туристік қызмет ететін жерлер бар. Аудан әкімдігі аумақта биыл қосымша жарықтандыру мен жолды жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ демалушылар көптен күткен әйгілі Арбатты ары қарай абаттандырады.

«Кәсіпкерлермен кездесу өткіздік. Алакөлде орналасқан қонақүйлерді еуростандартқа жақындатып, барлық жағдайын жасап шетелден кем қылмау керек», – деді Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин.

Айбынды Алакөл – жағажайы қиыршық және малтатас төсенген әлемдегі жалғыз көл. Табиғаты еш жерге ұқсамайтын жерге туристер көбіне судың емдік қасиеті мен қара батпағы үшін алыстан келеді. Жергілікті жұртМенделеев кестесінің элементтері тұнған суға түссең шипасы еселенеді дейді.

«Менделеев таблицасының 108-нің жартысы осы Алакөлде бар десем, өтірік айтпаспын. Өйткені халық бекерге келіп жатқан жоқ», – деді Қабанбай ауылы әкімі аппаратының бас маманы Бейсен Абраймов.

Шығыстың шипалы суына шомылуға былтыр 1 миллионға жуық демалушы келген. Қазір бұл өңірде қызмет сапасы мен инфрақұрылымды шетелдік стандартқа сай жасауға баса назар аударылып жатыр. Орта есеппен қонақүйлердің бағасы әзірге адам басына 27 мыңнан басталып тұр.

Кешкі Алакөлдің әсері мен ауасы ерекше. Ауыл көшелері қызылды-жасылды шамдарға толып, Арбатты кезіп жүрген жұрт түрлі сауыққа барады. Бұл аймақта ойын аттракциондарынан бастап, сауда базарларына дейін бар. Болашақта серуен аймағы ұзартылып, одан әрі әсемдене түспек.

Бірігей көлдің ұзындығы 104, ені 52 шақырым. Киелі саналатын мекен шипалы суы мен табиғаты ғана емес, мәдени ошағы, тарихи құнды жәдігерлері және қонақжайлылығымен көз тартады. Алакөлдің өрісі кеңейіп келе жатқан туризмін тұралап тұрған басты мәселелердің бірі - ауыл аймағындағы жөнделмеген тасжол. Оны алдағы уақытта аудан әкімдігі өз қарауына алуға уәде етті.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы»телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир