Мемлекеттік бағдарлама 2019 жылы басталған
Елімізде жастарға арналған жалдамалы пәтер алу шарттары өзгерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құралай Бақытжанқызы – мемлекеттің шарапатын көріп отырған жас отбасының бірі. Алматыда жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйге 2021 жылы қоныстанған. Бір бөлмелі пәтер үшін ол айына 12 мың теңге төлейді. Ол коммуналдық шығындарды қосқанда жалпы төлем құны 30 мыңға жуықтайды. Бұл пәтер жалдау бағасы шарықтап тұрған мегаполисте аса тиімді екенін айтты.
– Жастарға ақша жинап алуына қолайлы. Бір пәтерге айына 150 мың теңге төлегенше, коммуналдық қызмет пен жалға алынған пәтер құнын төлеу тиімді, – деді қала тұрғыны Құралай Бақытжанқызы.
Мұндай тиімді мүмкіндік Астана, Алматы мен Шымкентте ғана бар. Жалдамалы пәтерге өтініш беру Алматыда 11желтоқсанда басталады. Өтінім kezekte.kz сайты арқылы онлайн жүргізіледі. Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл осы бағдарлама аясында Наурызбай ауданынан 2100 пәтер берілмек.
– Бұл бағдарламада жастар бір салада жұмыс істеуі керек деген шектеу жоқ. 35 жасқа дейінгі кез келген салада жұмыс істеп жүрген, жалақысы 138 мың теңгеден кем емес, 3 жыл тұрақты мекенжайы бар, атында соңғы 5 жылдың ішінде мүлкі жоқ болуы керек. Осы талаптарға сәйкес келіп жатса, кез келген адам қатыса алады, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Мемлекеттік бағдарлама 2019 жылы басталған. Алматыда 2,5 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Енді пәтерді жалдау мерзімі бес жылдан үш жылға қысқарды.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 34 мың адам жұмысқа орналасты