Енді ауыл шаруашылық жерлері шетел азаматтарына жекеменшікке және жалға берілмейді. Бұған дейін қоғамда қызу талқыға түскен түйткілге түбегейлі нүкте қойылды. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Осыған орай сарапшылар мен қоғам өкілдері не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетел азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін жалға және жекеменшікке бермеу туралы Заңға қол қойды. Мемлекет басшысы бұл шешімді биыл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жариялаған болатын. Осыған орай Президент көмекшісі Ерлан Қарин «Үкімет бұған дейін айтылған түрлі қауесетке осылайша нақты жауап берді» дейді.
«Ал саяси тұрғыдан бүгінгі заңның қабылдануы бұл Президенттің қабылдаған «халық күніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде орындалуының бір көрінісі. Яғни, қоғам, азаматтар тарапынан осындай пікірлер айтылды. Президент оны жан-жақты сараптап Ұлттық кеңестің отырысында осыған қатысты нүкте қойып заң жүзінде тыйым салынады деп айтты», – деді ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин.
Еске салсақ Заңның 24-бабы, яғни шетелдік тұлғаларға жерді 25 жылға дейін беру туралы тармағы қоғамда қызу талқыға түскен еді. Сондықтан нормаға уақытша мараторий жарияланды. Ал жаңа Заңнамада бұл тармақ толығымен алынып тасталып оған мынадай өзгерістер енгізілді: Енді ауыл шаруашылық жерлері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар еліміздің заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жекеменшікке және жалға берілмейді. Сонымен қатар, жеке шаруашылығы бар, бірақ өзге елдің азаматтығын алып кеткен немесе Қазақстан азаматтығынан айырылғандар өзінің меншігін ел азаматы саналатын адамның атына үш айдың ішінде рәсімдеуі керек. Егер осы уақыт аралығында мұндай әрекет жасамаса онда жер мемлекетке қайтарылады.
ГРАФИКА:
Ауыл шаруашылығы жерлері жалға және жеке меншікке берілмейді:
Шетел азаматтарына
Азаматтығы жоқ адамдарға
Шетелдік заңды тұлғаларға
Шетелдік қатысуы бар қр заңды тұлғаларына
Халықаралық ұйымдарға
Халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға
Қандастарға
«Оны Парламенттің екі палатасы да қарап, Президенттің қарауына жіберді. Ең басты мәселе, бізге жетпей жатқаны – сенім мәселесі. Осы сенім мәселесін тудыру. Егер айтылмаған немесе дұрыс дәрежеде түсінбей жатқан мәселелер болатын болса, оның әрқайсысын тыңдауға құлықты екеніміздің бір белгісі деп айтуға болатын шығар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Ал сарапшы Бақытжан Базарбек қандастарға неліктен жер берілмейтінін түсіндірді. Сөзінше, өзге елден оралатын тұлғалар ел азаматтығына арыз беріп қойып, соның негізінде жерлерді иеленген соң қайта Қазақстан азаматтығынан жиі бас тартатын көрінеді. Сондықтан бұл норма түрлі қауіп-қатерлердің алдын алады дейді.
«23-бабына сәйкес жеке қосалқы үй шаруашылығына, жеке тұрғын үй құрылысына, шаруа қожалығына, толығымен барлық ҚР азаматтығына тән барлық құқықтарға ие болады. Мына қоғамдағы дүрліктіріп жатқан қандастарды жерден айырып жатыр деген сөз орынсыз. Себебі қандас деген статус уақытша статус», – деді Жер реформасы жөніндегі комиссиясының мүшесі, заңгер Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ, егер үлкен кәсіпорындардың немесе акционерлі қоғамдардың құрамына шетелдік үлескерлер енетін болса, онда жер басқа Қазақстан азаматының атына аударылуы керек.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы