|
14.07.2023 | 20:03
17276

Азғындық: Түркістан облысында 5 жасар қыз жер қойнына тапсырылды

Көпті қорқытқан айуандық фактісін Мемлекет басшысы назарға алды

Азғындық: Түркістан облысында 5 жасар қыз жер қойнына тапсырылды Almaty.tv

Айтуға ауыз бармайтын Түркістан облысындағы жағдайдың жай-жапсары белгілі болды. 5 жастағы бүлдіршінге айуандық жасап, асқан қатыгездікпен өлтірген ер адам оның көршісі болып шыққан. Бүгін оқиға орнына арнайы барған тілшімізге ондағы жұрт баланың денесінде бірнеше жерден пышақ ізінің болғанын айтыпты. Алаңсыз ойнап жүріп, азғын қолына түскен қаршадай қыз жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Етегі жасқа толған бұл әйелдің барлығы – кеше ғана ойнап жүріп азғын қолынан қайтыс болған Еркежан Нұрмаханның жақыны. Айдың-күннің аманында өсіріп отырған қызынан қаскөйлікпен айырылған отбасынан кешелі бері тыныштық кеткен. «5 жасар бүлдіршіннен 5 минутқа көз жазып қалдым» деген анасы Еркежанды күндізгі бірден бастап іздегенін айтады.

– Кеше сағат 13:04-те шығып кеткен. Мен 13:10-да артынан іздеп шыққам. Сағат 21:00-ге дейін іздедім. Іздемеген жерім қалмады, – деді марқұмның анасы Индира Ерімбетова.

Кейін бұл іздестіруге бүкіл ауыл кіріскен. Марқұмның әкесі бірден  жақында түрмеден шыққан көршісінен күдіктеніпті. Алайда, үйін қанша тінтігенімен мас күйінде жатқан жалғызбасты ер адамнан басқа ешкімді таппақан.

– Педофилдің үйіне өзім кіріп шықтым. Кірген кезде таба алмадым. Екінші рет ауыл балалары кіріп, олар да таба алмай шыққан. Үшінші рет кіріп қарап, шығып бара жатқанда футболкасын көріп қалдым. Кимін көргенде есімнен танып қалдым, – деді марқұмның әкесі Нұржан Ережепов.

Тоғыз сағатқа созылған іздестіруден кейін мәйітті ауыл тұрғындарының бірі тауыпты. 5 жасар қыздың сау тамтығы қалмаған жансыз денесі күдік тудырған көршінің үйіндегі шатырда жатқан. Куәгерлердің айтуынша, киімсіз мәйіт кесіліп, жеті жерінен пышақ сұғылған. Қала берді күдікті азамат баланы тұншықтырып, кейіннен азғындыққа барған көрінеді.

– Қыздың кимін көргенде іздеп шықтық. Жолдас баламен үйдің шатырынан іздедік. Денесі тауып алдық, – деді куәгер Ержан Ахметов.

Еркежен 4 күн бұрын ғана 5 жасқа толған. Қайғылы оқиға болатын күні отбасы туған күн тойлауды жоспарлаған. Алайда шаш қысқартуға кеткен әкесі мен бауырларын, мал жайғастыруға кеткен анасын күткен қыз олармен сол күйі кездесе алмады. Ал күдікті 50-ден асқан ер адам бұған дейін де адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталған екен. Ауыл тұрғындары күдіктінің бұл істі жалғыз жасамағанын айтады. Алайда Сарыағаштың тәртіп сақшылары бір адамның ғана қамалғанын мәлімдеді.

– Қылмыскер құрықталып, қазір уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 99-бабымен қылмыстық іс қозғалды, – деді Сарыағаш аудандық Полиция басқармасының бастығы Есенғали Бейсебаев.

Азаппен жан тапсырған балақайдың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал елді елең қылып, көпті қорқытқан айуандық фактісін Мемлекет басшысы назарға алды. Ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі оқиғаның мән-жайын мұқият тексеру кергін айтып,  арнайы тапсырма берді.

Мадина Оқас, Назерке Үкібасова, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир