Қазақстан Президенттігіне үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабы Атырау қаласындағы «Рауан-Налко» кәсіпорнының еңбеккерлерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Серіктестік - мұнай-газ өндірісіне арналған 80-ге тарта химиялық реагент түрін өндіреді. Олардың қатарында коррозияны азайту, өнімділікті арттыру және мұнай мен суды тазарту үшін қолданылатын химиялық заттар бар. Кәсіпорынның сыйымдылығы жылына 20 мың тонна арнайы химиялық реагенттерге есептелген. Бүгінде зауыт өнімі өз елімізде ғана емес, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Ресей елдерінде де сұранысқа ие. Осындай жоғары технологияға негізделген өнеркәсіп орындары тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Сондықтан, олардың дамуына кедергі келтіретін жайттар болмауы тиіс дейді Дәния Еспаеваның штаб мүшелері мен сенімді өкілдері. «Ақ жол» партиясының белсенділері қатысқан іс шарада бизнес иелерін қолдауға қатысты кеңінен талқыланды.
«Еліміздегі парламенттік партия ретінде «Ақ жол» әр кез біздің кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ол партия бағдарламасындағы басты ерекшелік – банк жүйесіне түбірлі өзгеріс тек қана ұлттық банк, екінші деңгейлі банктердің бәрінде де реформалау жүйелерін қалыптастыру. Сонымен қатар, халыққа беретін несиелердің пайыздарын азайту», – дейді «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ.