Тұрмыстық жанжалдың құрбаны болған балалар да бар
Бір жыл ішінде бір ғана орталыққа 500-ден аса зорлық-зомбылық құрбаны көмек сұрап, жүгінген. Бұл - тек Алматы қаласы бойынша ақпар. Ал ел аумағында былтыр тіркелген қысым көрсету фактілері 100 мыңға жетіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Біз барған дағдарыс орталығына келіп-кететіндердің қарасы үзілмейді. Яғни, жапа шегіп, зәбір көрген, қысымға ұшырап, қыспақта қалған ана көп. Пана іздеп келген әйелдер ғана емес, мұнда тұрмыстық жанжалдың құрбаны болған балалар да бар. Былтырғы деректе осындай 320 балдырған тіркеліпті.
«2017 жылдан бастап біз 2000-ға жуық қыз-келіншекке көмек көрсеттік. Өкінішке қарай, жылдан-жылға осы көрсеткіш көбейіп келе жатыр. Әйел адамдарды қабылдаған кезде, тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасында болғандықтан, балалар да соның құрбаны болып есептеледі. Оларға да осындай толық бағытта әлеуметтік көмек көрсетеміз және қайта қалпына келтіру үшін жан-жақты көмек көрсетіп отырамыз», – деді әлеуметтік қызметкер Зульфия Омарова
Мұндай дағдарыс орталығында әлеуметтік, экономикалық, психологиялық және заңдық тұрғыда, жалпы алғанда 8 сала бойынша көмек көрсетіледі. Өз кезегінде бұл мәселені толыққанды шешпесе де, ауыр қылмыстың алдын алады, ана мен баланың қалыпқа келуіне жағдай жасайды.
«Мен өзім көбіне осы психологпен жұмыс істегенді ұнатамын. Өйткені, менің ішіме көп зат сыймайды да. Айтып тастауға тырысамын, сол жағынан көмегі көп», – деді Гүлжан
Тәлкекке салған тағдыр жолын айтқан кейіпкер - 4 баланың анасы. Бесіншісіне аяғы ауыр. Көпбалалы ананың күйеуден көрген қорлығы да көп. Ресми ажырасса да алимент алмайтын, жұбайы түрлі қорқытумен соңынан қалмайтын ана қазір сыртқа шығуға қорқады.
«Соңғы мүмкіндік бердім. «Жарайды, бала-шаға үшін» деп бірге тұрдық. Бәрібір араққа салынады, ішеді. Бала-шағаны, аз болса өзімді ұрады. Қаншама рет қайталанды. Денсаулығымды құртып болды», – деді Гүлжан.
«Өкініштісі, жәбірленушілер өз құқығын қорғай алмайды»дейді заңгер. Көп жағдайда кездесетін қылмыс сауатсыздықтың салдарынан болады екен.
«Көбінесе зардап шегіп жатқандар әйел кісілер ғой. Біздің менталитетке байланысты ол айтылмайды, шағым жазылмайды. Ал егер де ол үнемі орын алып келе жатқан жағдай болса, жаңағы шара міндетті түрде жасалуы керек деп есептеймін. Ол әкелік құқығынан айыру немесе шектеу, сонымен қатар, оны бас бостандығынан айыру сияқты шараны да қолдану керек», – деді заңгер Ғалымжан Әбдуайтов.
«2022 жылы тұрмыстық сипатта 37 қылмыс орын алып, олардың беті ізін суытпай жатып ашылды. Олар – көбінесе үй, тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыс. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал немесе азаматтық некедегі жандар арасында туындайтын жағдай. Полицияға дер кезінде хабарланса, кем дегенде әкімшілік шара қолданылады. Сонымен қатар, заң талаптарына сай, жәбірленуші ерекше қорғауға алынады», – деді Алматы қаласы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек
2022 жылы оған дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі 26 пайыз азайған. Алматыдағы жайт осы. Ал мемлекет басшысы мұндай психологиялық, һәм әлеуметтік күрмеуі қиын проблеманың жауапкершілігін де қатаңдатуды тапсырған еді.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» теларнасы