Есіктегі балабақшада балаларға қол көтерген каратэ жаттықтырушысы жұмыстан кетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Көпке тарап, талқыға түсіп үлгерген мемлекеттік мекемедегі жағдай 26 мамырда болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балабақшадағы балаларға күш қолданған жаттықтырушы көптен кешірім сұрайды. Дегенмен азаматтың бұл әрекетін қылмыс деп санамайтындар көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласындағы балабақшалардың бірі. Көпке тарап, талқыға түсіп үлгерген мемлекеттік мекемедегі жағдай 26 мамырда болған.

«Жаттықтырушының мұндай әрекеті әрине дұрыс емес. Өзіміз баламызды олай ұрмаймыз», – дейді Есік қаласының тұрғыны Жұлдыз Сағатбекова.

Иә, «тапқан баламды таяқ жесін деп балабақшаға берген жоқпыз» деген ата-аналар ендігі арыз беріп үлгеріпті. Дегенмен қоғамда қызу талқыға түскен бейнежазбада жаттықтырушыны жақтайтындар да жетіп артылады. «Бұл – спорт» дейді көпшілік.

«Баламыз осы кісінің арқасында чемпион болған. Спорт болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады. Ондайға шыдамайтын ата-ана баласын биге берсін. Елдің бетке ұстар азаматы болсын деп беріп отырмыз», – деді ата-ана Ербосын Нүсіпұлы.

«Фархат ағайдың арқасында Астанаға барып 1-орын алдым. Ол кісі өте жақсы адам. Ол тыңдамаған балаларға ұрсады. Себебі, тыңдамаса, олар дұрыс үйрене алмайды», – деді спортшы Қарлығаш Юсупова.

Бейнежазбадан байқағанымыздай, әуелде балалар өзара күш сынасады. Бұл сәтте жаттықтырушының ескерту жасағанын көруге болады. Төбелес деуге келмейтін тәртіпсіздік тоқтамаған соң, азамат қол сермеген, аяқ көтерген. Біз сөйлескен ата-аналар «Егер жаттықтырушы шынымен тепсе, бала тым құрығанда құлар еді ғой» дейді. Ал медициналық сараптамада тәрбиеленушілердің денесінен ешқандай белгі анықталмаған. Дегенмен бұл – жазаны жеңілдетпеген сыңайлы.

«Ол кісі Еңбекшіқазақ ауданына белгілі жаттықтырушы. Осы оқиғаға байланысты педагогикалық кеңес өткізіп, ол кісіге қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босаттық», – деді балабақшаның әдіскері Айнұр Түбекбаева.

Дәлірек айтсақ, жаттықтырушы жұмыстан өз еркімен кеткен. Каратэге балаларды дайындап, халықаралық деңгейдегі чемпиондарды шығарған азаматтың бұл салада жүргеніне 15 жыл болған. Қазірдің өзі 60 шақты шәкірті бар бапкердің өзі де 5 баланың әкесі.

«Иә, аяғымды көтергенім рас. Бірақ қатты тигізген жоқпын. Ата-аналарды да түсінемін. Торғай да баласын қорғап шырылдайды. Ата-аналардан кешірім сұраймын», – деді жаттықтырушы Фархат Мұрсәлиев.

Кешірім жазаны жеңілдетпей тұр. Арыз негізінде азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып кетіпті.

«Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергелу барысында. Бұл баппен 160 АЕК сомасында айыппұл және 160 сағатқа дейінгі түзету жұмыстары қарастырылған», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.

Аталған дерек бойынша ендігіде оқиға орнында толыққанды тексеру жүргізілмек. Ал істі аудандық прокуратура облысқа жөнелтіпті. Қылмыстың деңгейі мен қатысушы тараптың жазасы жақын күндері нақты белгілі болады.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырауда өрттің кесірінен бірнеше отбасы бала-шағасымен далада қалды

Новости партнеров