Әкімдік жер телімдерімен көмектессе, инвестор тартып, жатақхана салу мәселесімен ЖОО өздері айналысады
Алматыда студенттер жатақханаларының тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» осы түйткілді тарқатуды тапсырған еді. Жалпы еліміздегі университеттердің 39-ы Алматыда орналасқан. Бұл білім ошақтарында өзге өңірлерден келген 100 мыңнан астам студент білім алады. Сондықтан шаһар әкімдігі жатақхана құрылысына ерекше мән беріп отыр. Алдағы екі жылда Алматыда қанша студенттер үйлері салынады? Оған қала атқамінерлері қандай қолдау көрсетіп отыр? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Қуан Нұрақын зерттеді.
Алдағы екі жылда Алматы қаласы бойынша 38 жатақхана бой көтереді. Жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асса 19 мың студент жатақханамен қамтамасыз етілмек.
Еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарының үштен бірі орналасқан Алматыда 167 мың студент білім алады. Олардың 106 мыңы сырттан келгендер. Қала әкімдігінің қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстардың аясында былтыр 1737 студентке арналған 5 жатақхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ, студенттер үйін салуға тағы да 22 жер телімі қарастырылып, оның 8-і мемлекет есебінен бөлінді.
«Барлық берілген жер телімдері шаhар аумағында. Қалалық жер қатынастары басқармасы Алматы ішінен бос жатқан жалпы аумағы 4,5 гектарды құрайтын 8 жер телімін анықтап, оларды жатақхана салу мақсатында оқу орындарына беріп отырмыз. Мысалы, Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысынан 13 сотық және Гоголь мен Досмұхаметов қиылыстарынан 15 сотық жер берілді», - деді қалалық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Шухрат ИМИРОВ.
Сонымен қатар Алматы қаласында 80 колледждің 22-і мемлекет меншігінде. Мұндағы жалпы білім алушылардың екі мың бес жүзі жатақханаға мұқтаж. Оның үстіне қалаға ағылған ілім іздеушілердің қарасы жыл сайын артып келеді.
«Алматы – жастар қаласы ғой. Мұнда республика бойынша ең көп студенттер оқиды. Сондықтан осындағы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету - ең бірінші кезекте тұрған өзекті мәселе», - деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технология колледжінің директоры Төлеуғали ТАЙТҮЛЕЕВ.
Әкімдік жер телімдерімен көмектессе, инвестор тартып, жатақхана салу мәселесімен жоғарғы оқу орындарының өзі айналысады. Себебі білім ордаларына коммерциялық емес акционерлік қоғам статусы беріліп, өздері қаражат табуына мүмкіндік берілген болатын.
Қуан Нұрақын, Нұржан Оразбеков«Алматы» телеарнасы