Елбасының сыныптастары: Нұрсұлтан жастайынан бәріне қамқорлық танытып жүретін

17.06.2020 01:04

Cыныптастары бала Сұлтанның еңбекқорлығымен, қажырлылығымен ерекшеленгенін айтады

Almaty.tv

Тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен еліміздің Тұңғыш Президентінің халық алдында, мемлекет алдында да еңбегі орасан. Қазақстан дамыған мемлекеттер қатарына қосылды. Нұрсұлтан Назарбаев бала кезінен көшбасшы және білімқұмар болды. Сол мектепте оқып жүрген кездерде-ақ оның ұйымдастырушылық қабілеті ерекшеленіп тұратын дейді замандастары.   

Cыныптастары арасынан дара шыққан бала Сұлтан сол кездің өзінде еңбекқорлығымен, қажырлығымен ерекшеленетін. Табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

«Ағай үйге берген тапсырманы сұраған кезде, қол көтереді де, бірінші болып бәрін айтып береді. Ағайымыз өзі бағаға өте сараң еді. Кішкентай ғана үш қоятын. «Ағай, Нұрсұлтан үйге берген тапсырманың бәрін айтып қойды. Бізге түк қалдырмады. Енді ана шыбынның ізіндей бір үшіңізді бізге қоя салыңызшы» дейтінбіз», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Рая СИРАЗИТДИНОВА.

«Мен бір биік тау тауып келдім, сол жерден сырғанайық деп, сырғанауға бардық. Нұрсұлтан зыр етіп төмен түсіп кеткен, бір уақытта «Ойбай, құтқарыңдар!» деп айқайлаған дауыс естідік. Күләйхан екеуіміз сырғанап барсақ, шөптен ұстап алыпты. Жібермейді, «жібер» десек, «Жоқ, сендер ұстай алмайсыңдар, менің белден төменгі жағым шұңқырға түсіп кетті» деді. Содан соң ферманың бастығы келіп, Нұрсұлтанды шығарып алды. Шөптің арасын ашсақ, әлгі шұңқырдың іші жыланға толы екен», - деп еске алады Елбасының ауылдасы Әлфия БАУБЕКОВА.

«Ұйымшыл болды, сабақты да өте жақсы оқыды. Бәрімізге қамқор болатын. Мен ылғи жанында партада бірге отырдым. Мен енді нашар оқыған оқушылардың бірімін, несін жасырамын. Бәрін содан көшіріп алатынмын. Көшіруге әдейілеп қойып қояды», - деп күле еске алады тағы бір сыныптасы Кеңес БАЙБОСЫНОВ.

2011 жылы режиссёр Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмі көрерменге жол тартты. Елбасының балалық шағын сомдаған бүлдіршін Елжас Әлпиев киноәлеміне есік ашқанын ыстық ықыласпен еске алады.

«Құттықтаймыз, сіздер кастингтен өттіңіздер» деді. Достарым көшеде көргенде, «О, Президент!» дейді. Мұғалімдер «Ал, Назарбаев, енді сен айт сабақты» дейтін», - дейді жас актер Елжас ӘЛПИЕВ. 

Тәуелсіздік туын берік ұстап, мемлекет құрған Нұрсұлтан Назарбаев қайда жүрсе де, кіндік қаны тамған жерін, жерлестерін бір сәтке де ұмытқан емес деп еске алады сыныптастары.

Тұңғыш Президент өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары күйзелген елдің еңсесін тіктеп, қазақтың сайын даласын бірлік пен ынтымақтың бесігі ретінде орнықтыруы – батыл қадам болды. Ал, қилы тағдырды басынан кешірген қазақ елін дүние әлемге жаңа келбетімен таныстырып, мәңгілік елге айналдыруы тек Көшбасшыға тән қасиет деп бағалайды әлем саясаткерлері. 

Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы