Елімізде тұрғын үй бағасы шарықтап барады

30.04.2022 01:04

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта үй бағасы бүгінгі көрсеткіштен төмендемейді

inbusiness.kz

Елімізде тұрғын үй бағасы шарықтап барады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы биыл қолданыстағы пәтерлерді сату 27,7 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату 20,3 пайызға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан бөлек баспананы жалға алу құны да қымбаттап кеткен. Мамандардың айтуынша, ең алдымен теңгенің құнсыздануы мен әлемдегі экономикалық факторлар әсер еткен. Ал жылжымайтын мүлік агенттіктерінің сарапшылары нарықта бағаның өсуіне қарамастан елде бір жылда 46 мыңнан аса үй сатылғанын мәлімдеп отыр. 

Елімізде баспана 2021 жылы қымбаттай бастады дейді мамандар. Сол жылы ақпанда сатып алу-сату келісім шарты көп жасалыпты. Бірақ жазда баға біршама тұрақталған. Алайда біржолғы зейнетақы төлемінің шекті мәнінің өзгеруі тағы да қымбатшылыққа алып келді. «Зейнетақы жинағының шекті мөлшері өсті» деген ақпарат тарағаннан кейінгі 3 тәулікте enpf-otbasy.кz платформасы арқылы 46 мың өтініш келіп түскен. Бұл пәтер бағасының 15%-ға, кей өңірлерде тіпті 30%-ға дейін шарықтауына алып келді. Ал биыл әлемдегі экономикалық жағдай мен теңгенің құлдырауына байланысты бұл көрсеткіш тағы ұлғайды. Құрылысқа қажетті шикізат пен материалдардың қымбаттауы, логистикасы да нарықта үй бағасының өсуіне әсер етті. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар қатарының көбеюі баспанаға сұраныс тудырған. Соның салдарынан қазір қолданыстағы пәтерлер құны тағы 27,7 пайызға, ал жаңа үйлер бағасы 20,3 пайызға өсті дейді мамандар.

«Нарықта бағаның өсуіне әсерін тигізіп жатыр. Өйткені сұраныс туып жатыр. Төлем қабілеті бар адамдар пайда болып жатыр. Оны банктер береді. Ал ұсыныс берушілер оны біледі. Нәтижеде бағаны көтереді. Теңгеміз қатты құнсызданған кезде шарықтап, теңгеміз қайта күшіне ене бастаған кезде үйдің бағасы түсіп жатқанын біз көріп отырған жоқпыз», – деді экономист Мақсат Халық.

Одан бөлек пәтерлердің құны жылжымайтын мүліктің орналасқан жеріне байланысты өзгереді дейді сарапшылар. Мәселен Алматының орталығындағы қолданыстағы үйлерді алуға ниет білдіретіндер көп екен. Сәйкесінше, бұл үйлердің құны қымбат. Қазіргі уақытта мұндай баспаналардың 1 шаршы метрі 650 мыңнан 740 мың теңгеге дейін бағаланып отыр. Ал жаңа тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 350 мың мен 450 мың теңге аралығында белгіленіпті. Бірақ алдағы уақытта үй бағасы бүгінгі көрсеткіштен төмендемейді деген пікір білдірді.

«Баспана бағасы құрылысқа қажетті материалдар мен шикізаттардың құнына қарай өзгереді. Бұл жағдай жаңа тұрғын үйлердің бағасына әсер етеді. Егер жаңа баспана қымбаттаса, сәйкесінше қолданыстағы пәтерлердің де құны шарықтауы мүмкін. Бірақ соңғы екі жылда бұл үрдіс керісінше болып, қолданыстағы үйлердің бағасы бірінші өсті», – деді Жылжымайтын мүлік агенттігінің сарапшысы Александр Бекетов.

Елде баспананы жалға алу құны да өскен. Бұл жағдайға да тұрғын үйдің қымбаттауы әсер етіпті. Сондай-ақ Ресейден келген азаматтар тарапынан пәтерді жалға алуға сұраныс көбейген.  Жалпы қымбатшылық қазір бүкіл әлемді жайлаған дейді мамандар. Мәселен былтыр үштікте көш бастаған Гонконгте үйдің 1 шаршы метрі 32 мың долларға бағаланса, Сингапурде 17 мың доллардан асыпты. Еліміз бұл тізімдегі 107 мемлекеттің ішінде 100-орынды иеленген.