Жау көргендей шабуылдады – өрт сөндірушілер арандатушылардың әрекеті туралы

03.02.2022 01:40

Төтеншеліктер сол күндері ғимараттардағы өртті өшіру мүмкін болмады дейді

Almaty.tv

«Өрт сөндіру көлігін көре сала, тас лақтыра бастады. Жау көргендей шабуылдады». Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде қалалық әкімдіктегі өртті ауыздықтауға келген төтеншеліктерді арандатушыларға ерген көпшілік маңына да жолатпапты. Сол күндерді өрт сөндірушілер осылай күрсіне еске алады. Бүлік шығарғандар тіпті бейбіт митингіге шыққандарды психотроптық заттармен улап, оларды өз қатарына қосуға мәжбүрлегенін де естідік дейді. Алматыдағы тәртіпсіздіктен бері міне, 1 бір айға жуық уақыт өтті. Қалаға жасалған шабуыл мен билікті күшпен басып алу әрекеті туралы жаңа мәліметтер әлі де нақтыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы бейбіт митингті ушықтырғандар алдына түскеннің бәрін қирата берген. Бұл туралы сол күні өртеніп жатқан қалалық әкімдік ғимаратын сөндіруге келген төтеншеліктер мәлімдеді. Өрт сөндіруші Арман Сәдуақастың сөзінше, басбұзарлар оларды өткізбей, қызыл жалынды ауыздықтауына кедергі болған.

«Араларында сақалдылар да болды. Шалбарлары шорты сияқты қысқа. Олардың қолында мылтық, дубинка, тас болды. Араларында бейбіт халық та болды. Оларға мына жерде арақ, сусын таратып жүргендер туралы естідім. Берген заттарына бірдеңе қосып берген. Соны жақсы адамдар да байқамай ішіп алып, зомби сияқты болып кеткен. Бізді көрсе, жауын көргендей шабуылдады. Қолдарында мылтығы бар, тастары бар. Біздің машинаны көре салса, тас лақтырады», – деді Бостандық ауданы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Арман Сәдуақас.

Оқиғаның куәгері Арман Сәдуақас айтқандай, расында сол сәтте қызмет көлігін пайдалану, тіпті қызмет киімін киюдің өзі қауіп тудырған.

Бұзақылар БАҚ саласында жұмыс істейтін әріптестерімізге де шабуыл жасады. Олардың камерасын тартып алып, өздерін соққының астына алмақ болған.

Бұзақылар әкімдік маңында орналасқан телеарналарға да басып кірді. Барлығын қиратып, артынан өртеп жіберген. Өкінішке қарай, сол сәтте қызыл жалынды уақытылы ауыздықтау мүмкін болмады дейді өрт сөндіруші Арман Сәдуақас. Сондықтан кері қайтуға тура келгенін айтады.

«Біздің артымыздан 3 машина қуды. Нөмірлері болған жоқ. Тоқтауға тура келді. Себебі олар тоқтамасақ, ататындарын айтты. Тоқтатып: «Бізге үлкен, ауыр машина, «КамАЗ» керек. Сендер халықсыңдар, оны түсінеміз. Формаларыңды шешіп, бізге қосылыңдар» деді. Әкімдіктен күтіп алатындарын айтты», – дейді Бостандық ауданы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Арман Сәдуақас.

Ал өз атын жария етпеуін сұрап, сұхбат берген әйелдің айтуынша, жаппай тәртіпсіздікке бой алдырғандар құқық қорғаушыларды да аямапты. Тіпті олардың қару-жарағы былай тұрсын, киімдерін де шешіп алған. Қансыратып, арыққа тығып, өлексе етіп тепкілеген екен.

«5 қаңтарда полиция ұстайтын тоқпақ та, темір қалқаншалар да қарапайым киінген адамдардың қолдарында болды. Олар тіпті, дулығаларын да киіп алған. Бір көлікке отырып алып, шу көтеріп жүрді. Содан алдына түскен полицияны ұрып, тонауға кірісті», – дейді куәгер.

Бұл куәгердің сөзіне дәлел ретінде әлеуметтік желіде бейнежазба тараған.

Осындай аласапыранда сауда орталықтарын тонауға кіріскендер де жоспарлы түрде іске көшіп отырған. Күзетшілердің сөзінше, олар сан жағынан да басым болыпты. Барлығы бетін тұмшалап, медициналық қолғап киген деседі.

Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы