Мамандар қай жеміс-жидек түрін сатып алмауға кеңес береді

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал дәрігерлер мұндай жемісті жеу денсаулыққа аса зиян екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарбыз жесеңіз қарап жегеніңіз дұрыс! Өйткені ерте піскен қауынның құрамында нитрат көп екен. Бүгін Түрксіб ауданындағы базардың бірінде жемістерден сынама алған мамандар осыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал дәрігерлер мұндай жеміс-жидекті жеу денсаулыққа аса зиян екенін жасырмайды.

Түрксіб ауданындағы базардың біріне тазалық мамандары таңмен таласа жетті. Олар саудагерлердің жеміс-жидектеріндегі нитрат мөлшерін анықтау үшін экспресс әдіспен тексеруге кірісті. Нәтижесінде, шабдалы, өрік, құлпынай және шиеден нитрат белгіленген мөлшерден аспады. Ал қауын-қарбызға келгенде сынама алған мамандардың құрылғысы қып-қызыл боп шыға келді. Бұл нитраттың тиісті мөлшерден артық екенін білдіреді.  

«23 сынама алынды. Оның ішінде қарбыз бен қауынның нитраты нормасынан өте жоғары болды. Біз базар басшысына осыны айтып, базарлардан нитраты жоғары өнімдерді алдырып тастатамыз», – дейді Түрксіб аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Әбиева.

Былтыр санитарлық мамандар 800-ге жуық сынама алып, оның 8 жағдайында нитраттың көп мөлшерін анықтаған. Ол кезде әсіресе қауын мен жүзімнен табылды деп отыр. Негізінде, нитраттың мөлшері қауында 90, ал қарбызда 60-тан аспауы қажет. Егер одан көп болса, ондай өнімді тұтынбаған абзал.

«Қаладағы жеміс-жидек бірінші кезекте Алтын Орда сияқты базарларға келеді. Сол жерде арнайы тексеруден өтеді. Әрбір келген өнім арнайы тексеруден өтеді, содан соң ғана халыққа таратылады», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Кенжегүл Қонысбаева.

Ал дәрігерлер ерте піскен жеміс-жидектегі нитраттың адам денсаулығына зияны көп дейді. Сондықтан базардан әкелінген көкөністерді ас содасына кемінде 30 минутқа қалдыру қажет. Кейін ағынды суға жақсылап шайып алу керек.

«Нитраттар тамақпен адам ағзасына түседі. Ол қанның талшығында әртүрлі рак, онкологиялық талшықтарды оятуы мүмкін. Нитраттар организмге түскен кезде жуылып-шайылып дәретпен шығып кетуі керек. Дәретпен шығуы да баяулауы мүмкін. Бүйректе немесе өзге ағза мүшесінде шөгуі мүмкін. Ол онкологиялық ауруға себепші болады», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың эндокринолог дәрігері Салтанат Шайдарова.

Халық таңсық ас көздің жауын алғанымен, сатып алмауға тырысатынын айтады. Пікір сұрағандардың көбі тек тамыз-қыркүйекте жейміз деді.

Айта кетейік, мамандар Ұлттық сараптама қызметкерлерімен бірігіп базарларда акция өткізіп тұрады. Онда тұтынушылар өзі сатып алған жеміс-жидекті тегін нитратқа тексеріп алуларына болады.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров