Қала әкімі су жүргізу үшін қаржының бөлінгенін растады
Таразда 14 жыл бұрын қала құрамына қосылған жұрт құрттаған су ішуге мәжбүр. Себебі Қайнар мен Ақжол алқаптарына әлі күнге орталықтандырылған ауыз су желісі жүргізілмеген. Дегенмен әкімдік жыл басында құбырдың құрылысын бастаймыз деп 800 миллион теңге бөлген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
4 мың тұрғыны бар қос алқап 2010 жылы қала құрамына енген. Сол тұста тұрғындар инфрақұрылым игілігін көреміз деп қуанған. Бірақ тұрғындар таза ауыз суды 14 жылдан бері әлі күтіп жүр. Ел ес жимаған тұста жергілікті билік өкілдері «жоба жасалды, қаржы қаралды» деп есеп берген. Бірақ қараша құрылысшылардың қарасын да көрмедік деп ашулы. Бір қызығы қала билігі су құбырын халық қоныстанған ауданға емес, бос жатқан алқапқа жүргізіп жатқан көрінеді.
– Қасымызда Хамукат деген аудан бар, енді қолданысқа берілейін деп жатыр. Ол жерге су жүргізіп жатыр. Онда бір адам тұрмайды, бір учаске сатылған жоқ. Ал мына жерде 4 мың адам тұрып жатыр? – деді қала тұрғыны Айгүл Бештаева.
Күте-күте төзімі таусылған жұрт ауладан құдық қазып көрген. Бірақ оның суы ішуге жарамсыз екенін тәуелсіз сарапшылар дәлелдепті. Себебі жақын маңда бұрынғы кәріз суы бассейндері орналасқан. Амалы таусылған азаматтар лай суды тұндырып ішуге мәжбүр.
– Әкімшілік жыл сайын уәде береді. Кеше тендер жеңіп алды. Биыл «көктемде құрылыс жүмысын бастаймыз» деген. Ештеңе өзгерген жоқ, – деді қала тұрғыны Ердалы Бисенбиев.
Ал қала әкімі су жүргізу үшін қаржының бөлінгенін растады. Жыл басында бұл мақсатта тендер де ойнатылған. Бірақ жеңіп алған компанияның құжаттары жалған болып, ісі сотқа жолданған. Сол себепті сот процесі біткен соң ғана іс ілгерілемек.
– Соттың шешімі 4 тамызда күшіне енеді. Біз мемлекеттік сатып алу конкурсын қайта қараймыз. Екінші мердігерді анықтаймыз. Биыл жыл соңына дейін объектінің құрылысы аяқталуы тиіс, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қала әкімі қарашаға суды жыл соңына дейін жеткіземіз деп уәде берді. Жаз бітіп, күз басында басталған құрылыстың сапасы қалай боларын уақыт көрсетеді. Ал алқаптағы жол мәселесіне құбырлар тартылып болған соң ғана көңіл бөлінеді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараз
Оқи отырыңыз: Ит бағып отырған көршісіне ауылдастары шағым айтты