Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алуға 3 мыңға жуық адам өтініш берген

18.04.2019 02:51

Олардың тек 600-ге жуығының өтінімі мақұлданыпты

kapital.kz

Бүгін Алатау ауданының әкімдігінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтың қатысуымен Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жұмыс тобының отырысы өтті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін осы уақытқа дейін 16 мыңнан астам алматылық азаматтың мамандарға жүгінгені белгілі болды. Ал, тікелей өтініш жазған 3000-ға жуық өтініш иесінің 600-ге жуығы атаулы көмекті алатын болды.

«Отбасының тұрмысы еліміздегі орташа күнкөріс деңгейінен 70 пайыз төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша күнкөріс деңгейі 30 мың 245 теңге болып табылады. Соның 70 пайызы 21 мың 172 теңгені құрайды. Құжат тапсырып жатқан азаматтар тек жеке куәлікпен келеді», – дейді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы бойынша күні бүгінге дейін 1500-ден астам өтініш қабылданыпты. Оның 631-не Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне төлем қабілеттілігін растауға жолдама берілген. Әзірге банкке қажеті құжаттарын тапсырғандардың саны 246 адам. Оның 99-ы бүгінде пәтер таңдау сатысында жүр екен.

Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылардың жұмысқа орналасуы үшін 2,8 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 7 мыңға жуық адамды еңбекке тартуға жеткілікті.