Аудан әкімдері қарияларды ұлықтады. Ғасырдан артық ғұмыр кешкен, жасы 106-дағы кейүана Медеу ауданында тұрады. Осы күнге дейін есінен жаңылмай, өзгеге салмақ салмаған асыл қарт - Ахмедова Күніш Хасанқызын аудан әкімі қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
22 жыл қатарынан қалалық, аудандық, сондай-ақ Алматы облыстық кеңестерінің депутаты, партия комитетінің бюро мүшесі, «Құрмет белгісі» орденінің иегерін құттықтау кезінде өлеңдер оқылып, күйлер шертілді. Аудан әкімі «екі ғасырды тоғыстырған» қария анаға ақ жаулық пен қазақы шапан жапты. Ырза болған Күніш апай елеп келген құттықтаушыларға ақ батасын берді.
«Мұндай қалаға арнайы күн бөліуі дұрыс. Үлкен қала, кезінде астана да болған. Басқарып отырған қаланың бастығының еткен еңбегі жемісті болсын. Халықтың мүддесін қорғап отырыңдар, солардан алғыс алыңдар», – деді 106 жастағы қарт ана Күніш ХАСАНҚЫЗЫ.
Ал Медеу ауданының әкімшілігі осындай мерекелік іс-шаралар барысында ауданның еңбек сіңірген қарияларын әрдайым естен шығармай, ұлықтап отыратындарын айтты.
«Қала күніне орай ауданымыздың зиялыларына, қаламыздың зиялыларына, құрметті азаматтарына, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне осылай үй жағдайында келіп құттықтау шарасы кең ауқымда жалғасып жатыр, мерекелік іс-шаралар күн сайын өтіп жатыр. Кейуанамыз 106-ға келген Күніш Хасанқызын құттықтауға келіп отырмыз. Бүгін екі ғасырдың өкілдері жүздескен тарихи сәт болды», – деді Медеу ауданы әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен АРАЛБАЕВ.