Алматыда заңсыз жолмен пайда табатын риэлторлардың құрығына түсетіндер азаймай тұр. Белгілі бір топ алаяқтық жолмен мұраға қалған пәтерлерді иемденіп жүр. Олардың мұндай айласына бірнеше алматылық алданып та үлгеріпті. Бұл туралы арна тілшісіне заңгер Әйгерім Тохмулдинова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әділдік іздеген Татьяна жылжымайтын мүліктің қызына тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттың барын айтады. Онда 2000 жылы Александр Фирстовтың туған немересі Ольгаға пәтерімен қоса жер телімін және өзге де дүниесін өз еркімен мұра етіп қалдырғаны жазылған. «Алайда аталары қайтыс болғаннан кейін пәтер машақатын мұрагер емес, әулетке қатысы жоқ адам көріп отыр» дейді Фирстов келіні.
«Мұнда былық көп. Мәселен, үйге қарық болған азамат, мұрагер атана сала 5 күннен кейін, пәтерді бірден сатып жіберген. Осы әрекеті-ақ күдік туғызып отыр. Егер ол заңды мұрагер болса, қаланың қақ ортасындағы 2 бөлмелі жайлы пәтерді сатып несі бар? Оның үстіне жөндеу де керек емес. Бөлмелерді тазалап тұра беретін дайын баспана еді», – деді О. Фирстованың анасы Татьяна Фирстова.
Заңгерлерге жүгінген Татьянаның сөзіне сенер болсақ, қызына тиесілі пәтердің иесі жылына 3 рет ауысқан. Ал енді мұнда қазір кімнің тұрып жатқаны әзірге белгісіз.
Көрші пәтер тұрғыны мұнда кімнің тұрып жатқанын айтқанда Татьяна есеңгіреп қалды. Себебі ол жүгінген заңгер тапқан құжатта пәтер иесі ретінде мүлдем басқа біреудің есімі көрсетілген. Онда марқұм Александрдың мұраны туған немересіне емес, өзге біреуге қалдырғаны жазылады. Осы тұста заңгер бұл құжатты жоққа шығарып, мұның көлеңкелі риэлторлар құрған тұзақ екенін айтты. Тіпті оның артында «Ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін» деп топшылап, олардың айла-шарғысынан Фирстовтар секілді бірнеше жанұя пәтерінен қағылғанын мәлім етті.
«2 істе де олар бір тәсілді қолданған. 2 іске де бір адамның қатысы бар. Олар ең алдымен құжатты алып, өзгерту енгізіп, мұрагерлікті өз атына рәсімдейді. Тағы бір ерекшелігі олар көбіне жалғызбасты қарттарды жағалап жүреді. Марқұмның мұрасын алатын жақыны болмаса мүлікті атына жаздырып алады. Кейде мұрагерлер кейін табылып, олар пәтердің сатылып кеткенін біліп жатады», – деді заңгер Әйгерім Тохмулдинова.
«Атадан қалған мұра қызыма қайтсын» деген Татьяна о баста азаматтық сотқа жүгінген. Алайда тиісті жауап болмаған соң полиция департаментіне арыз қалдырыпты.
«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Жан-жақты талдау және зерттеу, істі тергеу аясында болған оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Фирстовтар әулеті атадан қалған мұраның заңды иесіне қайтарына үмітті. Полиция департаменті оқиғаның бүгінде қылмыстық іс шеңберінде қаралып жатқанын мәлімдеді.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы