Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданы тұрғындарының шағымын тыңдады

Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданы тұрғындарының шағымын тыңдады
Ол аудан әкімінен шешімін таппай тұрған мәселелерді ашық көрсетуді талап етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмыс сапарының жоспары бойынша, Бақытжан Сағынтаевқа әуелі «Мамыр» шағынауданындағы мұнтаздай таза аула көрсетілді. Үй маңы ерекше көріктендіріліп, бар жағдай жасалған екен. Жолдары да тақтайдай тегістелген. Алайда, бұл шаһар басшысының шамына тиді. Ол аудан әкімінен керісінше, шешімін таппай тұрған мәселелерді ашық көрсетуді талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мені ауданның ақсап тұрған жеріне апар, сөйте те, «Құрметті әкім, жағдайды көріп тұрсыз ба? Ақша жоқ, көмектесіңіз» деп айт. Неге мені мұндай мұнтаздай жерлерді аралатып жүрсің?», – деп ұрысты Бақытжан Сағынтаев.

Мұны естіген жергілікті жұрт Сағынтаевқа талайдан бері айтылып, жауыр болған мәселелерін жеткізді. Олар тіпті әкімді ертіп жүріп, өздерінің әбден ескіріп, тозығы жеткен аулаларын көрсетті. Қала басшысы халықты мұқият тыңдап, бар мәселені кезекпен шешуге сөз берді. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев бірнеше нысанға бас сұқты. Халық көп шоғырланған аудандағы мектеп пен балабақшаның жай-күйіне тоқталды. 

Сондай-ақ, метроның құрылысы барысымен де танысты. Жұмысшылар қазір тәулік бойы қарқынды жұмыс істеп жатыр екен. Олар жерасты көлігін 2021 жылға дейін қолданысқа беруді жоспарлауда.

«Біз алдағы күндері «Достық» бекетінің кіре беріс аумағында құрылыс жүргіземіз. Сондықтан жақында Абай даңғылын Момышұлы көшесінен бастап, «Магнум» дүкеніне дейінгі аралығындағы қозғалысты жабуды жоспарлап отырмыз. Аумақтағы құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз», – деді «Метрополитен» КМК директорының орынбасары Қаныбек НҰРМАХАНБЕТОВ.

Новости партнеров