Барлық мемлекеттік орган сыбайлас жемқорлықпен бірігіп күресуі тиіс — Президент

02.02.2022 01:05

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты

Фото: Ақорда

Екі жылда «ҚазАвтоЖол» техникалық қадағалау қызметі 99 рет сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Мемлекеттік сатып алуларға беделі, тиісті техникасы, білікті жұмысшылары бар, салықты уақытылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

        

Мелекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

«Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту жүктелді.

«Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жүйелер мен деректер базасының жұмысына қатысты мәселелерге арнайы тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелерін де тілге тиек етті. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

«Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс», - деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов. 

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан