Петропавлда зорлық-зомбылық құрбандарына арналған көрме өтті

01.07.2021 21:12

Жыл басынан бері СҚО-да 5 адам жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған

«Өзін кінәлісің», «ашық киіндің», «үйде отыру керек еді». Мұндай сөздерді бүгінде жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары жиі естіп келеді. Осыған орай «Gender school» мектебінің түлектері Петропавлда алғаш рет «Киім себеп емес» атты көрмені ұйымдастырды. Онда жастар зорлық-зомбылық құрбандарының оқиғалары туралы баяндап, қала тұрғындарына экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды almaty.tv.

Көрмеге ашылған күннен бастап күн сайын 30-дан аса адам келеді. Арасында түрлі жастағы қыздар да, ерлер де бар. Мағжан Мақтабек ‒ Петропавл қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Осы көрме жайында досы арқылы естіген.

«Бұл көрменің ұйымдастырылуы өте маңызды. Себебі көрменің аты айтып тұрғандай, «Киім себеп емес» деген орынды. Яғни, осы оқиғалардың болуы ол сол қыздардың киіміне байланысты  емес. Олардың киімі ашық болса да, жабық болса да бәрібір. Сол істі жасаған адам өкінуі керек», ‒ деді қала тұрғыны Мағжан Мақтабек.

Көрмеде тек әйелдердің ғана емес, кішкентай балалардың да бастан кешкен оқиғалары туралы жинама мүсіндер қойылыпты.

«Менің ойымша, бұл өте керемет көрме. Өте маңызды тақырыпты қозғайды. Менің жасым 17-де. Басқа қалаларда да осындай көрмелер ашылса жақсы болар еді. Бұл жерде біз психологты тыңдадық. Ол бізге өте пайдалы кеңестер берді», ‒ деді қала тұрғыны Әсем Мәкіш.

«Киім себеп емес» атты көрме алғаш рет 2013 жылы АҚШ-та өткен. Петропавл қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 4 түлегі «Gender school» мектебінде оқып, кейін Қазақстан жастар ақпарат қызметінің қолдауымен «Киім себеп емес» жобасына грант ұтып алған. Мұны АҚШ дипломатиялық миссиясы естіген соң жобаға демеушілік ету туралы шешім қабылдапты. Қазақстанда осындай көрме тек Алматыда болған. Енді биыл Петропавл қаласында да ашылды. Ұйымдастырушылар бұл көрмеге бірнеше ай дайындалғандарын айтады. Алдымен ғаламтор желісінде сауалнама өткізіп, зорлық-зомбылық құрбандарының оқиғаларын жинаған. Кейін олар қыздардың әңгімелері бойынша киім іздей бастағандарын айтады.     

«Алдымен біз анонимді түрде  сауалнама өткіздік. Кейін әйелдердің қайғылы жайт орын алған кезде үстіндегі киген киімдерінің образдарын жинай бастадық. Осы стендтерді өзіміз құрастырып, киімдерді секенд-хэндтен сатып алдық. Кейбірін өз үйімізден алдық. Осылайша біз 14 әйелдің образын жиннап шықтық», ‒ деді көрме ұйымдастырушысы Аружан Дәулетбай.

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған әйелдер мен балалар жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына айналады. Алайда оларға киім себеп болған емес. Аталмыш көрменің ұйымдастырушыларының негізгі мақсаты ‒ халыққа бұл қарапайым сөздердің мағынасы түсіндіріп жеткізу.

Жыл басынан бері СҚО-да 5 адам жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған. Алайда бұл ресми статистика емес.