Алматының төрт ауданында ақылы автотұрақ іске қосылып, 30 желтоқсаннан бастап жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«А паркинг» деп аталатын ақылы тұрақ сағатына 100 теңге тарифпен таңғы сағат 8-ден кешкі 19.00-ге дейінгі уақытты есептейді. Алайда алып мегаполистегі тұрақ мәселесін бұл жоба шешпейді. Тұрғындардың айтуынша, полиция қызметі қарауылға шықпайды, ал жүргізушілер көлікті жол ортасына тастап кетеді.
«Темір тұлпарға тұрақ таппаймыз» деген тұрғындар «А паркинг» жобасының таңсық емес екенін айтты. 2016 жылы да бұл қызметті қолданып көрген. Алайда олар қайта жаңарған жобаның ерекшелігін байқамаған.
– Бұрын 100 теңге еді, қазір 150 теңге болыпты. Неге оны көтерген? Түсінбейміз. Зейнеткерге қиын, – деді қала тұрғыны Қали Қатепов.
– Біріншіден, орын жетіспейді. Екіншіден, автотұрақ болсын-болмасын ақша жинағыштар көбейіп кетті. Қайда барсаң да, алдыңнан шыға келеді, – деді қала тұрғыны Қанат Сәлқожаев.
Ал кей жүргізуші «А паркингтің» іске қосылғанын мүлде естімегенін айтты. Сондықтан қазір көлігін алаңсыз қойып жүргендер көп.
Ал қала билігі «А паркинг» жүйесі кептеліс мәселесін шешуге үлес қосады деген пікірде. Сонымен қатар барлық жол жиегінде орын бар деп көрсетті. Бірақ арнайы тұрақ деп бөлінген жер телімдері әзірге жоқ. Ерекшелігі - ескі паркоматтар орнына QR-кодтар салынған маңдайшалар орнатылған. «А паркинг» деген қосымша арқылы, онлайн және офлайн төлемдер жүргізуге болады.
– Жол ережесі бойынша көлік қоймау керек. Дұрыс қойса болды, ешкім айыппұл салмайды. Ал дұрыс қоймаса, әкімшілік хаттама толтырылады, – деді Медеу ауданы патрульдік полиция инспекторы Ақжол Нүсіпбеков.
– Қаражат қала бюджетіне өтеді. 2016 жылдан бері 100 теңге бекітіліп келген. Ол қазіргі уақытта әлі өзгермеді. Тек қана Көкбазар маңында 150 теңге төленеді. Жеке кәсіпкердің жалға алған жер телімдері қайтарылды, 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Мобилділік басқармасының ШЖҚ «Алматы паркинг» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Талант Тайнов.
Бостандық ауданында 710 тұрақ, оның ішінде 45 орын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Түрксіб ауданында 305 болса, оның 15-і арнайы орын бар. Жетісу ауданындағы 201 орынның ішінде көлікке арналған 20 «арба» белгісі бар. Ал Наурызбай ауданында 75-і орнатылған. Сондай-ақ жауапты мамандар алдағы уақытта қалаға кіреберіске ірі тұрақтар салу жоспарда бар екенін жеткізді. Алайда оған жер телімдері белгіленбеген.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 20-дан астам ашық мұз айдыны қолжетімді