Гуманитарлық көмек: Зілзаладан зардап шеккендерге Алматыдан Түркияға 100-ден аса киіз үй жөнелтіледі

02.03.2023 01:06

«Бауырлас елдің басына түскен нәубетте біздің де адамгершілігіміз сыналады» деген азаматтар бүгін көмектің алғашқы легін аттандырды

Almaty.tv

Түркиядағы зілзаладан зардап шегіп, баспанасыз қалғандарға Қазақстаннан тағы да 100 киіз үй жіберіледі. Бұл жолғы көмекті Алматыдағы кәсіпкерлер ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бауырлас елдің басына түскен нәубетте біздің де адамгершілігіміз сыналады» деген азаматтар бүгін көмектің алғашқы легін аттандырды.

Алты қанатты ақ ордалар Алматыдан Түркияның апат аймағына бүгін жөнелтіледі. Кәсіпкерлер дайындаған 100 киіз үйді Түркиядағы елшілік күтіп алып, баспанасыз қалған бауырларға бөліп бермек. Әзірге, қанша үйдің қай қалаға жіберілетіні белгісіз. "Ең бастысы, ел атынан жіберілетін көмектегі ниеттің түзулігі" дейді ұйымдастырушылар.

«Қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда 100-ден астам киіз үй алып, оның 32-ін бүгін жіберуге тырысамыз. Одан бөлек, біз қаржылай және де азық-түлік, қолымыздан келген көмектің бәрін көрсетуге тырысамыз», – дейді ұйымдастырушы Мөлдір Дүйсенова.

«Қиын уақытта Қазақстандағы аға-бауырларымыздан ұмытылмас көмек алып отырмыз. Мұның бәрі ең алдымен адамгершілік, ал екіншіден екі ел арасындағы берік қарым-қатынастың дәлелі. Түркияға гуманитарлық көмек көп келіп жатыр, ал Қазақстаннан жіберілетін киіз үйлер – дәл қазір ең керегі», – дейді Түркия бас консулдығының өкілі Сыддык Кая.

Қазақстандағы бизнес өкілдері бас қосып атқарған іс расында үлкен көмек болмақ. Өйткені, Түркияның Қахраманмараш қаласының өзінен 417 мың тұрғын эвакуацияланған. Яғни, апат болған бір ғана аумақта осынша адам баспанасыз қалды деген сөз. Дегенмен, уақытша шатырларда қоныстанған азаматтар жағдайдың қиындығына қарамастан, қалыпты өмірге оралуға тырысып жатыр. Мәселен, зілзала эпицентрі болған Чанлыурфа мен Килис және Диярбакырда оқушыларға сабақ басталды. Бұған дейін аталған аумақтарда 52 мың баланың оқудан уақытша қол үзіп қалғаны айтылған еді.  

Айтып келмеген апаттан бауырлас ел біртіндеп айығудың қамына кірісті. Ал зілзаладан келген шығынды Дүниежүзілік банк 34 млрд долларға бағалап отыр. Осы тұста апат аймағындағы дүмпудің әлі де тұрақталмағанын айта кетейін. Мәселен, 6 ақпаннан бері Түркияда 9470 афтершок болыпты. Жер асты тақталарының жылжуы салдарынан Ливан, Египет, Тәжікстан мен Қырғызстан сынды бірқатар мемлекеттерде де бірнеше рет жер сілкінді.  

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарна