Медеу ауданындағы 20 гектар жерді белгісіз біреулер қоқыс алаңына айналдырған

15.04.2022 01:49

Аймақта тазалау жұмысы жүріп жатыр

Almaty.tv

Медеу ауданындағы 20 гектар жерді белгісіз біреулер қоқыс алаңына айналдырған. Салдарынан маңайды қолаңса иіс қаптаған. Қалалық экология департаменті бұл әрекетті заңсыз әрекет деп бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандар мемлекет меншігіндегі жерге күл-қоқыс тастап, топырақ құнарлығын ластағандар жазасыз қалмау керек деп есептейді. Экология белсенділері Алматыда соңғы уақытта мұндай заңсыз қоқыс үйінділерінің көбейгенін айтады.

Бұл - Медеу ауданына қарасты Құлжа тас жолының бойы. Қоқыстан аяқ-алып жүру мүмкін емес. Қалалық экология департаментінің басшысы Дінмұхаммед Лесбеков бұл жерді қоқыс үйіндісіне айналдырмақ түгілі, бір уыс қалдық тастаудың өзі заңмен қатаң қадағаланатынын айтады. Ол бәрінен бұрын айналаны ластап алып, кейіннен қолқаны қабатын иісті жою үшін әлгі үйіндінің үстіне топырақ төсеп жүрген жұмысшылардың іс-әрекетіне наразы. Қоқыс жерден 4-5 метр биіктікке көтерілген. Алып жатқан аумақ шамамен 20 гектардан асады. Көлеміне қарап ай немесе  бір жылда тасталған қоқысқа ұқсамайды. Аумағы өте үлкен. Керексіз тасталғандардың арасынан тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдарды көптеп аңғаруға болады.

Қалалық экология департаменті тарапынан бұл аумаққа жоспардан тыс тексеру жұмыстары тағайындалды. Заңсыз ластанған жердің ауқымды болуына байланысты тексеру жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілуі мүмкін.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес егер мемлекетке қатысты жер телімі болатын болса, аудан әкімдігіндегі лауазымды тұлғаларға әкімшілік шара қолданылатын болады. Аудан әкімдігі – Алматы қаласындағы өз ауданына тиесілі аумақта санитарлық экологиялық талаптарды сақтауға, тазалауға жауапты бірден-бір мекеме», – деді Экология департаментінің басшысы Дінмұхаммед Лесбеков.

Ал Медеу аудандық әкім аппараты жер нақты кімге тиесілі екені белгісіз дейді. Кімдердің ластап келгенінен де бейхабар болып шықты. Белгілісі қазір анықталған жайт бойынша шұғыл шара қолдануға көшкен. Алаңды қоқыстан тазарту жұмыстарын бастап та кетіпті.

«Қазіргі таңда біздің тарапымыздан құзырлы мекемелерге жер учаскесінің иелерін анықтау үшін және жер телімін тиімді пайдалану үшін хаттама жолданды. Қазіргі таңда қоқыс төгу фактілері толықтай тоқтатылды. Біздің бақылауымызда. Кешегі күннен бастап арнайы техника жұмылдырылып, тазалау жұмысы жүріп жатыр», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Марат Тілесов.

Қалалық экология департаментінің айтуынша, мұндай заңсыз қоқыс полигондары Алатау мен Түрксіб ауданында да анықталған. Қазір бұл факт бойынша тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 млн тонна қоқыс шығарылады екен. Оның 15 пайызы қайта өңдеуге жіберілсе, қалған 85 пайызы қоқыс полигондарында өртеледі.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы