Газ компаниясының өкілдері бұл үйлерге жылу берілетінін айтты
«40-қа жуық отбасы жылыту маусымы басталғанда жылусыз қалып отыр». Осылай деген Алматы облысының тұрғындары газ компаниясының қолданған шараларына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысы Жауғашты елдімекеніндегі тұрғын үй 1956 жылы салынған. Тұрғындардың айтуынша, 84 жылдары пәтердің бірінде газ балоны жарылып, қайғылы оқиғадан кейін биліктегілер көгілдір отын қосқан. Алайда сол кездегі стандарттар қазіргі ережеге сай келмей жұртты әлекке салып отыр.
«Жазда келді де 2017 жылғы заңдарды айта бастады. Соған сәйкес, біз газ пешін жуынатын бөлмеден ас бөлмеге немесе басқа жерге ауыстыруымыз керек екен. Сонда олар 5 жыл қайда жүрген? Сол кезде неге айтпаған», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Александр Чернов.
«Жылуды өшіріп тастады. Газ компаниясы «жаңа пеш сатып алыңдар» деген талап қойды. Оны орындамасақ көгілдір отын мүлдем берілмейтінін айтты. Көпшілік жаңа пешті сатып алды. Бірақ олар айтқан уақытында орнатып үлгермейді. Не істерімізді білмейміз», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Надежда Гречко
Тұрғындардың басым бөлігі орташа құны 300 мың теңге тұратын жаңа пешті сатып алған. Орнатып үлгергендері де бар. Ал тұрмысы төмен отбасылар не істерін білмей дал.
«Жаңа пеш алуға көбінде қаржы жоқ. Мәселен, менің айлығым азық-түліктен артылмайды. Мердігерлер газ құбырын бітеп тастағалы жылытқыш қосып отырмын. Содан жарыққа төлейтін шығын да артты. Электр жарығы өшсе, көлікте жылынамын. Басқа амалым жоқ», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Александр Ляпунов.
Газ компаниясының өкілдері бұл үйлерге жылу берілетінін айтты. Жұрттың шағымын «негізсіз» деген олар, Жауғаштыдағы тұрғындардың талапқа көнбеске басқа амалы жоғын айтты.
«1 қарашаға дейін уақыт береміз. Тұрғындар оған дейін анықталған техникалық ереже бұзушылықты жою керек. Яғни, қазандықтарды ас бөлмеге ауыстыру керек. Бұған дейін оларға ескертілді. Ақшасы жоқтар ескі пешін қолдана берсін. Алайда орнын ауыстырсын», – деді «Алматыгазсервис Холдинг» АҚ өкілі Айдар Смағұлов
Тұрғындар бұл мәселені айтып жергілікті әкімге де жүгінген. Одан қайыр болмағандықтан мұндағы жұрттың мердігер талабына көнуден басқа амалы жоқ.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы