Биыл 3 мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлайды

13.07.2022 01:07

Алматыда 36 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр

Almaty.tv

Биыл 3 мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерге жайғасады. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, Алматыда 36 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Кезегі жеткендер мен құжаты талапқа сәйкес келгендерге жыл соңына дейін осы «Жас қанат» ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үйден пәтер кілті беріледі. Бірінші болып көпбалалы отбасы, жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар назарға алынады. Кейіннен мемлекеттік қызметтегі жас отбасына қолдау көрсетіледі.  

«41 үй. 3116 пәтер. 163 мың шаршы метр биыл пайдалануға беріледі. 185 пәтер – көпбалалы аналарға арналған. 216 пәтер – осал топтарға арналған. 2705 пәтер – кредиттік пәтерлер болып саналады», – деді  құрылыс басқармасының бөлім басшысы Айдар Нұрғожаев

Жаңа кешен аумағы 36-85 шаршы метр эконом санатындағы 124 пәтерден тұрады. Тұрғын үй кешенінің маңында автотұрақ пен балалар алаңы да қарастырылған. Сондай-ақ мұнда 1500 балаға арналған мектеп пен емхана құрылысы жүріп жатыр. Әлеуметтік нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.

Жалпы қазір қалада жеңілдетілген несиемен «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» және «Алматы жастары» бағдарламалары арқылы үй алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі 2-5 пайыз аралығындаға жоба мақсаты – әлеуметтік санаттағы жанұялар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамту.

«Көпбалалы аналар бар, мүгедек бала асыраушы отбасылар бар, жетім балалар пәтер кезегінде тұрады, бірақ олар пәтер жалдап тұрса, сол ақшаның 50 пайызын үкімет төлеп береді», – деді  Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Сондай-ақ қалада қабырғасы қамыстан тұрғызылған ескі үйлерді сүру жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Олардың басым бөлігі Түрксіб ауданында орналасқан. Аймақта 1229 тұрғын үй болса, оның 600-ге жуығы ескірген.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы