Еліміздегі интернет желісінің не себепті нашарлағаны белгілі болды

08.04.2020 в 01:07

Байланыс операторлары интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмысты жүргізіп жатыр

Төтенше жағдай кезінде  қазақстандықтарға көліктерді онлайн тіркеуге жағдай жасалады. Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын уақытша тоқтатқандықтан, қазір электронды Үкімет қызмет көрсетіп жатыр. Бүгінде барлық қызметтердің 80 пайызын электронды түрде алуға болады. Ал жақын күндері автокөлікті тіркеу онлайн режимге ауыстырылмақшы.

«Бұл – автокөлік салонынан сатып алынған көліктерге қатысты. Егер көлікті басқа азаматқа сатып, оны қайта тіркегіңіз келсе, электронды үкіметтің порталында және «egov mobile» мобильдік қосымшасында жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, тағы бір айтқым келгені, қазір Электронды цифрлық қолды да заңды және жеке тұлғалар үйде отырып алуға болады. 85 мыңнан астам жеке тұлға электронды цифрлық қолды электронды түрде алды», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан ОСПАНОВ.

Сонымен қатар, 1414 бірыңғай байланыс орталығының  жұмысы туралы да ақпарат берілді. Қазір орталықтың қызметкерлері көбейген және осы уақытқа дейін 4 миллион азамат әртүрлі сұрақтармен жүгінген. Ал, аталған ведомствоның тағы бір вице-министрі Дарын Тұяқов елімізде интернет желісінің сапасы неге нашарлағанын түсіндірді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде байланыс қызметіне сұраныс пен талап күшейген.

«Бүкіл әлемде интернетке салмақ түсіп жатыр. Қазақстанда да трафиктің өсуіне интернет абоненттерінің белсенділігі себеп. Дүкендердің тауарларды, тағам мен дәрі-дәрмектерді үйге жеткізу тапсырысын интернет арқылы қабылдауы, жаңа абоненттердің қосылуы, видеоконтентті қолданудың артуы, үйден онлайн жұмыс істеуге көшу және оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуы интернетке әсер етіп отыр. Біз барлық мүмкіндікті қолдана отырып, байланыс сапасын арттырып жатырмыз. Байланыс операторлары интернет арналарын кеңейту үшін тиісті жұмысты жүргізіп жатыр», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын ТҰЯҚОВ.