Алматы облысына қарасты Қоянқұс елдімекенінде 40-қа жуық үй ызғарлы күндерде жылусыз отыр. Ауыл халқының сөзінше, мердігерлер көгілдір отынды қазан айында жүргізіп береміз деп уәде еткен. Тұрғындар тіпті, жұмыстың жарты құнын төлеп те қойған. Алайда еш нәтижесі болмағандықтан, қара суықта көмір жағып амалдай тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле ауданының тұрғыны Айбек Мылтықбаев Қоянқұс елдімекеніне 2019 жылы көшіп келген. Азаматтың сөзінше, баспанаға көгілдір отын кіргізіп береміз деген мердігерлер өз қызметінің бастапқы төлемін төлетіп, қазан айында үйге жылу беріледі деп сендірген. Алайда олардың уәдесін орындамауынан қазір тұрғындар көмір жағып, үй жылытып отыр.
«Осы қысқа дайын газбен отырасыңдар деп айтқан. Енді, міне, қыс та келді, бірақ газ жоқ. Одан кейін қазанда беріледі деген, енді қарашада, содан соң желтоқсанда деп созып жатыр. Біздің шиеттей бала-шағамыз бар, жақын жерде балабақша бар. Бәрі жылусыз отыр», – дейді Іле ауданының тұрғыны Айбек Мылтықбаев.
Мердігерлер қазіргі таңда сыртқы жұмыстың бәрі аяқталғанын және осы қыста көгілдір отын толық жүргізілетінін айтты. Ал уәденің уақытында орындалмауына өзіндік себептер бар дегенді алға тартты.
«Бүгінде барлық құжат, келісімшарт Іле ауданының архитектура бөлімінде жатыр. Белгілі бір уақытқа белгіленген соң, соған байланысты біз күтіп отырмыз. Қалай дайын болады, елге солай газды жеткіземіз», – деді мердігер компанияның директоры Кенжехан Иманбердиев.
Жауапты мамандар көп жағдайда мердігерлер көгілдір отынды тұрғын үйге тартқан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді дейді. Тіпті, кейбірі халықтың ақшасын қалтасына басып, ізін суытатынын айтады. Сондықтан жұртшылықты абай болуға шақырады.
«Былтырдың өзінде апта сайын 3-5 үйді бақылаушыларымыз анықтап отырды. Биыл саны азайды. Десе де, біз «Заңды түрде жүріңіздер, себебі бұл – өз қауіпсіздіктеріңіз үшін керек» деп ескертіп отырамыз», – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.
Іргетасы қаланып, шатыры енді жабылған үйлердің тұрғындары қытымыр қыс келе жатқан сәтте газ мәселесін шешу үшін жекеменшіктерге жүгінетін көрінеді. Ал жауапты мамандардың айтуынша, олардың ісі заңнамаға сәйкес келмегендіктен, қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар болып жатады.
Былтыр жылыту маусымы кезінде елімізде 153 адам газдан уланып, өрттен жапа шеккен. Оның 50-і көз жұмды. Мұндай қайғылы жайттар қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан болады дейді жауапты мамандар.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысынан