Арыс қаласынан 185 бала Нұр-Сұлтанда демалады

02.07.2019 01:08

Осы жазда Арыстың 4000 кішкентай тұрғыны ел-елді аралайды

Арыстағы жойқын жарылысты көрген балаларды сауықтыру мақсатында бүгін 185 бала Нұр-Сұлтанға демалысқа жіберілді. Алдағы 15 күнде олар психологиялық сауықтыру шараларына тартылып, түрлі мерекелік шараларға қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Несібелі Серікбай қатарластарымен бірге Арыс қаласынан пойызға отырып, Нұр-Сұлтанға  келіп түсті. Жарылысты көрген 11 жастағы қыз алдағы екі апта демалысын бас қалада өткізеді. Мұнда олармен психолог мамандар жұмыс істеп, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады, тіпті балаларға су жаңа киім де үлестіріледі.

«Нұр-Сұлтан қаласына осымен екінші рет келдім. Арамызда бірінші рет келіп тұрғандар да бар. Осы 15 күн демалыстың қызықты өтеріне сенемін», – деді Несібелі СЕРІКБАЙ.

Жалпы, Арыс қаласынан пойызға бірге отырған 300-ден астам жасөспірімнің 185-і елордада қалса, қалғаны Бурабай шипажайларына жіберілді. Осы жазда Арыстың 4000 кішкентай тұрғыны ел-елді аралайды.  

«Түркістан облысының балалары Көкшетау мен Жамбылға бөлінді. Біз 185 баламен осында қоныстансақ, біз кеткенде екінші топ келеді. Нұр-Сұлтан қаласында да болуымыз мүмкін. Ол да жоспарда бар», – деді Түркістан облыстық білім басқармасының маманы Құрманғазы ДІНАҚ.


Өткен аптада Арыстағы жағдайдан зардап шеккен екі бала елордаға жеткізілген болатын. Бастарынан жарақат алған олар №2 қалалық ауруханаға жатқызылды.

«28 маусым күні Шымкент қаласынан санавиация арқылы екі бала Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық ауруханаға жеткізілді. Келген бетте бүкіл диагностикалық ем-шаралар жүргізіп, біз оларды жансақтау бөліміне жатқыздық. Біреуінің жағдайы дұрысталып, бүгінде нейрохирургиялық бөлімшеге ауыстырдық. Ал, жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы әлі ауыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан ДОСМАЙЫЛОВ.

Елорда халқы арыстықтарға көмегін мұнымен тоқтатпайды. Қала берді, Арыста орын алған қайғылы жағдайға байланысты 6 шілде – қала күнінде жылдағыдай отшашу болмайтын болды. Оған қарастырылған қаржы арыстықтарға көмек шотына аударылады. Сонымен қатар, концерт, жалпы мерекелік шарадан түскен қаражат та толығымен зардап шеккендерге жіберілмек.