Жамбылдағы жарылыс: Ауруханаға түскен 11 адам үйіне оралды

Біреуінің жағдайы әлі де ауыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбылдағы жарылыстан ауруханаға түскендердің біразы бүгін шығарылды. Қалалық көпбейінді ауруханада қазіргі уақытқа дейін 27 адам ем алса, оның 11-і үйлеріне оралды. Ал, біреуінің жағдайы әлі де ауыр. Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жарылыста жарақаттанғандармен жоллыққан болатын. 

Бүгін қалалық ауруханадан жақсы жаңалық естілді. Жарылыстан жараланғандардың жартысына жуығы үйлеріне оралды. Жағдайы жақсарған әскерилер госпитальға ауыстырылып, кейбірі үй күтіміне жіберілді. Солардың арасында төтеншелік Рустам Ертаев та бар. Ол жарлыстар болып жатқан жерге алғашқы уақытта барған. 10 жылға жуық қызмет атқарған маман, түрлі жалынды ауыздықтағанын айтады. Бірақ бұл жолы қасындағы серіктерімен өрт сөндіру көлігін дайындап болғанша, дүмпуге тап болған екен. Енді аяғы сынып ауыр жараланған құтқарушының,  4-5 ай бойы сүйеніші балдақ болғалы тұр.

«Ол жерде ешкімді танымадық қой. Өрттен күйген, бетінің бәрі күйе-күйе болып кеткен. Киімнің бәрі жыртылып кеткен. Күнделікті бірге жүрген әріптестерді танымай отырдық қой. Контузия болып, бір-бірімізді естімей, құлақтан қан кеткен бәрінен. Сөйлесе де бір-бірімізді естімедік. Мимикамен, кімнің шамасы болды солар көмектесіп жатты ғой», – деді Тараз қаласы №2 өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Рустам Ертаев.

Ал, қаза болған 15 адамның бірі бүгін жер қойнауына тапсырылды. Құрқарушы болып қызмет атқарған 1996 жылы туған Әділет Қанатбекұлын бүкіл Құмжота ауылы ақтық сапарға шығарып салды.

«Еш болмаса үйленіп артынан бала да қалмады. Әке-шешесі ғана қалды. Сол өкінішті. Алдынан жарылқасын», – деді Әділеттің туысы Бибіхан Әлібаева. 

Құмжоталық қараша Әділетті батыр ретінде еске алатындарын айтады. Жергілікті билік те, ерлердің есімі ұмытылмайды деп отыр. Қазіргі уақытта қаза болғандардың отбасына өтемақы беру мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Яғни республикалық бюджеттен 10 млн, жергілікті қазынадан 5 млн, оған қосымша несиелері болса өтеуге көмек қолын созбақ. Бірақ ол өтемдеп, баладан айырылған ананы, әкеден айырылған баланы жұбата ма?

Мерей Бает «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров