Елордада 2 жасар бүлдіршінді ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты тергеу басталды

25.01.2022 01:08

Жәбір көрген баланың анасы оның денесіндегі жарақаттарды үйге келгенде байқағанын айтады

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда балабақшалардың бірінде 2 жасқа да толмаған бүлдіршінді аяусыз ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жәбір көрген баланың анасы оның денесіндегі жарақаттарды үйге келгенде байқағанын айтады. Бұған дейін құзырлы органдар балабақша меңгерушісі мен тәрбиешіні тергеуге алған. Қазір балабақша қызметкері жұмыстан шығарылды. Алайда бөбекжай ұжымы балаға қол жұмсаған өз қызметкері болмауы да мүмкін деген пікір білдіріп отыр.  

Марина Аушева қызын 12 қаңтар күні балабақшадан алып қайтады. Үйге келгенде денесінің көгергенін байқайды. Әлі 2 жасқа толмаған баласының жағдайын көріп, дереу балабақшаға және тиісті органдарға хабарласады.

«Міне, 10 күн өтті. Қызымды ойласам, әлі де жылаймын. Не болғанын, қалай болғанын ешкім айтпайды. Қызым да сөйлей алмайды. Жалғыз менің балам емес, басқа да балаларды аяймын. Көп ата-ана баласын ұрғанын айтпайды. Бірақ мен қызымды қорғауым керек. Кінәлі адам жазасын алсын», – дейді бүлдіршіннің анасы Марина Аушева.

Марина Аушеваның қызы балабақшаға тамыз айынан бастап барып жүр. Осыған дейін мұндай жағдай болмаған. Сондағы тәрбиешілерге баласын сеніп тапсырғанын айтады. Айына 45 мың теңге төлейді екен. Ал бұл отбасының заңды қорғаушысы жауапты тұлғалар осы мәселеге баса назар аударса дейді. Себебі елімізде балабақшада бүлдіршіндерді ұру жағдайы көп кездеседі.

«Біздің қоғамда мұндай жағдай көбейіп кетті. Мысалы, тәрбиешіні кінәлі деп тапса, тек сол адамды жұмыстан шығарып жібереді. Ал оларды кім жазалайды?», - дейді қорғаушы Инара Жабағыбаева.

Бұл балабақшада 5 топ бар. Ал тәрбиеші мен оның көмекшісі қызметінде 12 адам жұмыс істейді. Қазір балабақша есіктерін ешкімге ашпай отыр.

Оқиға болған балабақшаға мәселенің мән-жайын анықтауға келген тілшілерге ешкім есік ашпай отыр. Бірақ ата-аналардың сөзінше, балабақша жұмысын жалғастырып жатыр.

Қазір жәбірленушінің арызы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондықтан балабақшадағы бейнежазбаға түсірілген видеоларды көрсетуге немесе тәрбиеші туралы толық ақпарат беруге тыйым салынған. Алайда мектепке дейінгі білім беру мекемесінің меңгерушісі тәрбиешінің арнайы білімі болғанын және 3 жыл бойы балабақшада жақсы жұмыс істегенін айтып отыр. Сонымен қатар, осыған дейін  тәрбиешіге қатысты ешқандай арыз-шағым түспеген.

«Бейнежазбада анық көрінбейді. Бірақ ұрғанын байқауға болады. Алайда тағы бір жайтты ескеру керек. Бүлдіршін тәрбиеші ұрған кезде емес, мүмкін үйде немесе басқа жерде жарақат алуы мүмкін. Себебі бейнежазбада тәрбиеші баланың денесі көгеретіндей, мойны қызаратындай ұрған жоқ», – деді балабақша меңгерушісі Гүлназым Бестюбаева.

Жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп тексеру тезірек аяқталып, кінәлінің қайткенде де жазалағанын қалап отыр. 

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы