«Ауруханаға су кешіп, өтіп жүрміз». Осылай деп арнамызға хабарласқан Алматы облысының Райымбек ауылындағы саяжай тұрғындары ауылдың арғы шетіне су ағатын арық арқылы қатынап жүргендерін айтады. Себебі, жақын маңда салынған Үлкен Алматы тас жолында ары-бері өтуге жол қарастырылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азық-түлігін арқалап, алты айлық баласын қалқалап ауыл жұрты мынау су аққан саңлаудан күнде өтеді. «Кеш батқанда тесікті торуылдаймыз» дейді халық. Қараңғы түсе қаңғыған иттер де көбейетін көрінеді. Ал жаңбыр жауса бұл жер маскүнемдер мекеніне айналады.
«Ауруханаға баратын болсақ, жаяу өтеміз. Басқа жолмен шығайық десек, өте алыс болып кетеді. Кішкентай баламен қиын», – деді Алматы облысының тұрғыны Жұлдыз Бамдуллаева.
Ал жұрт арызын айтқан ауыл әкімі бұл мәселеден хабардар. Алайда «бәрі бірден түзеліп кетпейді, қаржыға қарай көсіліп, жоспарға қарай жұмыс істейміз» деп сендірді.
«Осы жерді біз қазір грейдермен тегістеп, қиыршық тас төсеп береміз. Жолүсті көпір салуға сұраныс жасадық. Ол республикалық маңызы бар жол болғандықтан, жауап күтіп отырмыз», – деді Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Түленбаев.
«Бірақ мұнда тор тартып тастаған, тізеден батпақ болып жатыр. Төменгі тунелге біз жете алмай қалдық, жол жоқ», – деді Алматы облысының тұрғыны Серік Ойратұлы.
Ал жауапты мамандардың айтуынша, даңғыл жол қауіпсіздік үшін қоршалған. Жоғары жылдамдыққа арналған ақылы трасса, бұл ауылды да басып өтеді. Ал өткел мәселесін әу баста жергілікті билік қарастыру керек болған.
«Егер бұл елдімекеннің ауыл деген мәртебесі о баста болса, жол құрылысын бастамай жатып жергілікті әкімдік тиісті құжатын беру керек еді. Сол кезде біз өткелді де, жолайырықты да, көпірді де салып берер едік. Өйткені біз құрылыс басталмай жатып жол түсетін аймақтағы барлық елдімекенді ескереміз», – деді Жол құрылысына жауапты компанияның ресми өкілі Екатерина Жирова.
«Жолдың жоспар құрылысы әзірленгенде бұл маңда адам саны қазіргідей көп болған жоқ. Бізге енді қазір қай жерден өткел жасауға болатынын зерттеп көру керек. Егер бос орын болса, жекеменшіктің иелегінде болмаса, онда жол қарастыруға болады», – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Марлен Қасенов.
47 мың халқы бар Райымбек ауылдық округі маңында Үлкен Алматы тас жолының түйіскен жері бар. Ал осы аймаққа қарасты ауылда 15 мың адам тұрады.
Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» теларнасы