Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровты 27 қыркүйекте қамалды деп хабарлаған болатын
"Келіспейміз!". Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бірінші департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов Бағдат Мәнізоровтың ісінің тоқтатылуына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, осы орайда агенттік Бас прокуратураға қарсы пікір жолдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Агенттікке екі азамат келіп жүгінді. Біз олардың шағымдарын сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіміне енгіздік. Тергеуді бастап кеттік. Бұл – бірінш факт. Екінші фактты айтар болсақ, тергеу барысында қылмыстық істі Бас прокуратура қылмыс оқиғасы болмаған деп тоқтатуды сұратып алды. Біз бұл шешіммен келіспейміз! Бас прокуратураға қарсы пікір білдірдік», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бірінші департаментінің басшысы Қанат СҮЛЕЙМЕНОВ.
Қанат Сүлейменов, сондай-ақ, журналистерге тергеу барысында ешқандай қысым көрсетілмегенін атап өтті.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровты 27 қыркүйекте қамалды деп хабарлаған болатын.