Тауар сатып алып, ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне қаржылай көмек көрсетуге болады

14.07.2021 01:08

Ем іздеген балаларға сіз де көмектесе аласыз

almaty.tv

8 шілдеден бастап Алматы қаласында «Мейірімді өнім» атты қайырымдылық шарасы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаның басты мақсаты – онкологиялық дертке шалдыққан балалардың еміне қаржылай көмек көрсету. «Игі бастама арнайы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «30 қайырымды іс» марафоны аясында жүзеге асып жатыр» дейді ұйымдастырушылар.

«Біз бұл жобаны онкологиялық ауруы бар балаларға арнап жүзеге асырдық. Өнімдер қойылған жерде ақпараттық стэндтер бар. Ол үшін серіктес компаниялар бізге арнайы орындар бөліп берді және қала әкімдігі қолдау көрсетті. Ал сатылған тауардың ақшасы бірден қатерлі ісігі бар балаларды емдейтін хосписке жіберіледі. Жолданған қаржының қайда және қалай жұмсалғанын электронды түрде біздің сайт арқылы білуге болады», – деді өндіруші компанияның ресми өкілі Оксана Букреева.

Бүгінде елде аталған диагноз қойылған балаларды емдейтін «Мен сенімен біргемін» атты жалғыз хоспис бар және онда қазір 18 жасқа дейінгі 6 науқас ауыр халде ем алып жатыр. Қатерлі ісігі бар балаларға қолдау білдіру үшін елдегі ірі сауда орталықтары науқанға қатысып, өндіруші мекеменің тауарлары 300 нысанда сатылымға қойылыпты.    

«Гипермаркет әрқашанда түрлі қайырымдылық жобаларына белсенді қатысады. Бізге осы айдың басында жеткізушіміз «Көктем» компаниясы өзінің ұсынысымен шықты. Біз қарастырып, оны қабылдадық. Біз үшін ондай тақырыптарды қамту маңызды. Осы науқанның аясында «Көктем» компаниясына өзіміздің сөрелерімізден тауарларды қоюға жеке орындар бөліп беріп отырмыз», – деді ірі сауда дүкенінің маркетолог маманы Әсел Нәбиева.

Ал хоспис басшылығы «онкологиялық ауруы бар балаларға осындай қолдау көрсету – емделіп шығу мүмкіндігін жоғарылатады» дейді. Мамандардың айтуынша, қазір Алматы қаласы және облысында 300-ден аса бала дәл осы дертке шалдыққан және жылына тек 70-ке жуығы айықса, жаңадан 90 бала тіркеуге алынады екен.

«Хоспистің қызметі қарапайым азаматтардың қайырымдылығы мен осындай науқандардың арқасында жүзеге асады. Себебі онкологиялық дерті бар балалардың емі, диагностикасы, дәрі-дәрмектері қымбат тұрады. Ауыр халдегі науқастардың ата-аналары әрдайым перзенттерінің қасында болуы үшін де жалға алу ақысын, тамағын төлейді. Сондықтан қатерлі ісік диагнозы қойылған науқастарға қолдау білдіру әрқашан маңызды», – дейді «Мен сенімен біргемін» балаларға паллиативті көмек көрсету орталығының директоры Игорь Федоренко.

Бүгінде бұл науқан Қазақстанның барлық өңірлерінде бастау алып, қайырымдылық өнімдері 45 пайыз жеңілдікпен сатылып жатыр. Атап айтқанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Семей, Петропавл, Өскемен, Қарағанды қалаларының тұрғындары сауда нүктелеріне барып, белгіленген тауарды алу арқылы науқанға қатысып, науқас балаларға қолдау білдіруіне болады. «Алдағы уақытта бұл бастама жыл бойы  жүйелі түрде жүзеге асады» дейді ұйымдастырушылар.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы