Сағынтаев: «Аудан әкімдері тұрғындармен күн сайын кездесуі керек»

05.08.2019 23:19

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті

Биыл Алматының 200-ден астам көшесі жарықтандырылады. Бірінші кезекте қылмыс көп болатын аумақтарға электр бағандарын қою көзделуде. Ал, келер жылы қаланың тас қараңғы көшелерінің барлығына толықтай шам орнатылады. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында бұдан бөлек жол, медициналық көмек, қоғамдық қауіпсіздік сынды елді  алаңдатқан бірқатар мәселелер талқыланды.


Әр сенбі сайын қала тұрғындарымен кездесуді әдетке айналдырған Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданына барды. Бейресми кездесуде әкім аудан халқын алаңдатқан сауалдарға жауап берді. Шет ауданда медициналық көмекке қол жеткізу қиын. Емханалар толық жабдықталмағандықтан, мұндағы мұқым ел қаланың орталығындағы мекемелерге жүгінуге мәжбүр.

«Кейбір емханалар 20-22 пайызға ғана жабдықталған. Сондықтан, ең бірінші кезекті осындай емханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтауды қолға аламыз. Медқұрылғылардың санын ең болмағанда 50%-ға жеткізу керек. Халық көп шоғырланған жерлерде медициналық мекеме жоқ болса, нысанды жалға алып медпункт ашамыз. Қазір шет аудандардың тұрғындары үшін жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы ел тегін тексерістен өтіп, дәрігерлердің кеңесін алуда. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Тұрғындарды ауыз су, жол және көше жарығына қатысты сауалдар да алаңдатты. Келер жылы Алматының барлық көшелеріне түгелдей жарық жүргізіледі. Сөйтіп бұл мәселе толығымен шешім таппақ. Жұмыстар биылдан басталады. Осы жылы қаланың тас қараңғы 208 көшесі жарықтандырылады.

«Полиция департаментімен бірлесіп қылмыс көп болатын қауіпті орындардың тізімін жасадық. Ол жерлерді бірінші кезекте жарықтандырып, жылжымалы полиция дүңгіршегін қоямыз. Ондағы тәртіп сақшысы бейнекамера және байланыс құралдарымен жабдықталады. Егер қандай да бір қылмыс бола қалса, күзеттегі полицей бірден әріптестеріне хабар береді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау үшін қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ,

Осы тұста қауіпсіздікке алаңдаған Сейфуллин мен Дулатов көшелерінің қиылысында тұратын бір топ тұрғын әкімге шағымдарын жеткізді. Халық дәл осы көшелердің қиылысына бағдаршам орнатып беруін сұрады. Өйткені аталмыш аумақта жол апаты жиі тіркеледі.

«Көше бойы жағалай кафе мен мейрамханаға толы. Көлік қозғалысы өте көп. Жүргіншілер жолағы тұр. Бірақ оны ескеріп жатқан жүргізушілер жоқ. Қатты жылдамдықпен жүріп, әзер тоқтайды. Сол жерден бірнеше адамды көлік қақты», – деді бір тұрғын.

«Біз қаншама мекемеге бағдаршам қойып беруді сұрап хат жолдадық. Бірақ өтінішімізге ешкім құлақ аспады. «Бір бағдаршамның құны 1 миллион теңге, сондықтан ол аумаққа орнату тиімсіз» деп жауап берді», – деді тағы бір тұрғын.  

Жұрттың жанайқайын естіген әкім бұл мәселені шешуді бірден Полиция Департаментінің басшысына міндеттеді. Жиында қоғамдық көлік мәселесі де көтерілді. Түрксібтіктер автобус жетіспейтінін айтып, жолаушылар көлігін көбейтуді сұрады. Әрі ескірген қоғамдық көліктеріне наразылық білдірді.

«Екі жылдың ішінде қоғамдық көліктердің жүрісін жүйеге түсіреміз. Қазір ең бастысы қаланың шет аудандары мен облыс аумағына қатынайтын бағыттардың мәселесін шешу қажет. Ол автобустар экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді, әбден ескірген. Оларға отырудың өзі қауіпті. Алдағы уақытта мұндай қоғамдық көліктерді жаңартып, санын көбейтеміз. Сондай-ақ жүргізушілерді де қайта даярлаудан өткіземіз», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.


Түрксіб ауданының тұрғындары Бақытжан Сағынтаевқа бас-аяғы 30-ға жуық сауал қойды. Әкім олардың барлығын жүйелі түрде шешуді жүктеді. Әрі аудан әкімдеріне халықпен осылай күн сайын кездесіп, атқарылатын жұмыстардан хабардар етіп отыруын тапсырды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы