Жетісулық шаруалар қант қызылшасының қабылдау бағасына наразы
Жетісуда қызылша өсірушілер өнімдерінің тым арзанға бағаланып отырғанына наразы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Олардың айтуларынша, өндірушілер олардан қызылшаны су тегін алып, халыққа қымбатқа сатып отыр. Фермерлер есебінен қант зауыттарының басшылары пайдаға кенелуде. Ал шығынды мемлекет берген субсидиямен әрең жапқан азаматтар құзырлы органнан көмек сұрайды.
Биыл жетісулық шаруалар қызылша алқабын 12 мың гектардан асырған. Әр гектарына мемлекеттен 25 мың теңгеден көмек алып отыр. Алайда, дақылды өсіруге кететін шығын көлемі артыпты. Шамамен айтсақ, гектарына миллионнан аса қаражат жұмсалады екен. Ал зауыт өнімді былтырғыдай 15 мыңнан сатып алмақ, сонда субсидиямен қосқанда дақылдың тоннасы 40 мың теңгеге айналады. Шаруалар бұл қаражат шығынды жапқанымен, ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегімізді ақтамайды, деп қынжылады.
- Зауыт басшылығының қызылшамызды сатып алатын бағасымен келіспеймін. Өнімді тіпті жарты бағасына да алмай отыр. Кәсіпорын бізге қызылша құнының 30% ғана береді. Бұдан біз ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз, - дейді шаруа Александр Квитко.
- Екі жыл «конвиза смарт» деген технологияны енгізіп жатырмыз, биыл 30% сол технологиямен өсірдік. Жаңа технологиядан сапа болады, бірақ біздің қант зауыттары олар ешқандай өзгеріс жоқ, технология ескі. Ең бірінші кезекте монополистерді тәртіпке шақыру керек, - дейді шаруа Рахым Кәрімов.
Фермерлердің зауыт жұмысына көңілі толмайды. Олардың айтуынша, кәсіпорын өнімді әлі ескі технологиямен өңдеп, аз қант шығаратын көрінеді. Оның үстіне, мекеме мемлекет қаржысына жөнделгенімен, пайданың 70% кәсіпкер көреді екен. Әрі шаруалардан қанттың келісін шамамен 180 теңгеге алған зауыттағылар тауарды халыққа 500 теңгеден сатып, пайдаға кенеледі. Көптің көңіліне тигені – осы.
- Біз бірнеше рет ұсыныс жасадық. Зауытты біріктіріп акционерлік қоғам жасау керек. Бұрын ондай акционерлік қоғам болған, 51% шаруа қожалықтарында, 49% зауыттың меншігінде болатын. 2016 жылдан бері бәрін өзгертіп тастады да, зауыт жекеменшік бір адамға берілді. Біздің облыстағы фермерлердің бәрі сол екі адамның мүддесі үшін жұмыс істейді, - дейді Фермерлер қауымдастығының жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шәріпов.
Ал зауыт басшысы қалтаны қампитып жатқан біз емес деп ақталды. Өйткені, нарықтағы бағаның кәсіпорынға түк қатысы жоқ деп санайды.
- Былтыр 15 мың теңге болды, биыл да солай. Болашақта тағы көреміз, өйткені өңдеу кезеңінің өзіндік құны бар. Өзіндік құнының өзі біздегі сату бағасына жетіп қалады. Сондықтан оны қазіргі уақытта 15 теңгеден ары көтеру қиын, - дейді қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Ал фермерлер одағындағылар жағдай бұлай жалғаса берсе қант өндірісі дамымайды, шаруалар банкрот болады дейді. Олар мемлекеттің субсидиясы мәселені шешпейді, құзырлы орган зауыттарға тексеру жүргізіп, мәселенің мән жайын анықтасын деп отыр.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы.
Оқи отырыңыз: Шұжықтан стафилококк бактериясы анықталды