Алматыда барлығы 71 зират бар
Алматыда жыл басынан бері зираттарда жасалған 23 вандализм фактісі тіркеліп, 8 адам жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Өйткені 2022 жылы бейіт басында 12 бұзақылық жасалыпты. Қанша амал-шара қолданылғанымен, көбеймесе, тыйылмай тұрған бұл қылмыстың алдын алу жолдарын бүгін қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері талқылады.
Қазір мегаполисте барлығы 71 зират бар. Олардың жалпы көлемі 764 гектардан асады. Аумағы үлкен болғандықтан оларды күту, күзету және ұрлық-қарлыққа жол бермеу қиынға соғады дейді жиналғандар. Сондықтан зираттарға бет-әлпетті бірден анықтайтын «Сергек» бейнекамераларын орнату, қосымша күзет бекеттерін қою, арнайы көліктермен күнделікті тексеріс жүргізу қажет екенін алға тартады.
«Марқұмдардың туысы бейіт басына тек еске алу, туған күн, отбасы күнінде немесе Пасха мерекесінде келеді. Сол кезде ғана зиратты қиратып кеткенін байқап, тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеді. Ал бұл бұзақылықтың қай уақытта жасалғаны белгісіз, тіпті бірнеше ай өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан қылмыстың бетін ізін суытпай ашу бізге қиынға соғады», – дейді Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Сондай-ақ жиналғандар зират басындағы вандализмнен бөлек, марқұмдарды жерлеу рәсіміне де тоқталды. Қоғамдық кеңес мүшелері жерлейтін орындарды сату мәселесі де ашық болуы керек, – дейді. Қазір қаладағы 8 бейіт жарамсыз. Ол жерлерді соңғы жерлеуден 40 жыл өткен соң белгілі бір мақсатта пайдалануға болатынын айтады. Бұл мәселені шешу үшін осыдан 3 жыл бұрын жерлейтін бос орындарды қала халқы онлайн көре алатын цифрлық карта жасау да ұсынылыпты.
«Марқұмдарды жерлеу мәселесі назардан тыс қалып жатыр. Ал бұл жағдайды пайдаланып, өз бизнесін жүргізіп отырғандар бар. Мұны қала тұрғындарының бәрі біледі. Адам тірі болса да, үйіне келіп, «Сізді қай жерге жерлегенін қалайсыз? Міне, бос орындар, бағасы, тарифтер» деп ұсыныстарын айтады. Сондықтан бұл түйткілді де қолға алу керек», – деді Қоғамдық кеңестің коммуналдық инфрақұрылым, ұтқырлық, экология, қаржы, активтер және қауіпсіздік жөніндегі комиссия төрағасы Барыс Жапаров.
Оқи отырыңыз: Мексикада адам денесінің бөліктері салынған 45 қап табылды