Бас қалада 4 мыңға жуық үлескер бар
Талайдан бері таласқа түсіп келген Талдыкөлдің тағдыры таяуда шешіледі. «Айдын суын аман сақтап қалу үшін тынбай бірнеше жыл жұмыс істеу керек» деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әңгіменің әлқиссасын әкім бірден Талдыкөлден бастады. Бұл – астаналықтарды талайдан бері алаңдатқан түйткіл. Алып айдын суы осыдан 23 жыл бұрын 10 млн куб метр болыпты. Қазір 1 млнға жетер-жетпес екен. «Құрып бара жатқан көлді сақтап қалу үшін экологтар мен қоғам белсенділері жұмыс істеп жатыр» деді қала әкімі. Үлкен Талдыкөлдің көлемін 5 есе көбейту көзделген.
– 2015 жылдан бастап кәріз арқылы Талдыкөлге баратын суды тазалатып, Есіл өзеніне жібердік. Енді министрлікпен келісіп, ол суды үлкен Талдыкөлге беретін болды. Екі апта болды оны сол жаққа жіберіп отырмыз. Үлкен Талдыкөлді 5 есе көбейтеміз. Оған 1-2 жыл керек. Келер жылдың соңына дейін қалпына келтіреміз, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек
Сан жылдар бойы шешілмей келген тағы бір мәселе – бас қаладағы «сақалды құрылыстар». Қазір Астанада 30-дан астам тұрғын үйдің жұмысы сағызша созылып кеткен. Бірі – 3 жыл бұрын салынып басталған сол жағалаудағы мына тұрғын үй кешені. Шаңырақ аламыз деп шаттанған үлескерлер төлемін 100 пайыз орындапты. Алайда жылдар өтсе де, әлі күнге арман еткен баспанасына қолы жете алмай жүр.
– Пәтер жалдап жүргенімізге үш жыл болды. 2021 жылы берілуі керек еді. Әр жерін бір жасап қояды, болды. Ақшасын "жеп" қойған, – дейді қала тұрғыны Мамут Нұрымбетов.
Тап осындай қазір 4 мыңға жуық үлескер бар. Қала әкімі жыл соңына дейін оларға пәтер кілті тапсырылады деп сендірді. Шаһар басшысы Астанадағы қоғамдық көлік мәселесін де шешуге ниетті. Биылға 400 автобус сатып алынып, 70-тен астам көше жөндеуден өтпек.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы