Ақтөбеде денесінің 70 пайызы күйген 82 жастағы қария ауыр халде жатыр

11.06.2019 01:10

Зардап шеккен 82 жастағы гараж иесі мен көршісі ауруханаға жеткізілген

Ақтөбеде жеке үйлердің бірінің гаражында газ баллон жарылып, 82 жастағы гараж иесі мен 24 жастағы көршісі зардап шеккен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға жексенбі күні сағат 11:42 шамасында болған. Өрт сөндіруге 5 техника жұмылдырылған.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше өрт 11:58-де толық ауыздықталып, зардап шеккен 82 жастағы гараж иесі мен көршісі ауруханаға жеткізілген.

Дәрігер олардың жағдайы ауыр екенін айтады.

«Жедел-жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне кеше екі науқас түсті. Олар гаражда жұмыс істеп жатқан кезде жарылыс болған. Екеуінің де жағдайы өте ауыр. 82 жастағы науқастың денесі 70 пайызға, ал 24 жастағы жігіттікі 50 пайызға күйген. Екеуі де жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр. Есі бар, сөйлеп жатыр. Бірақ күйіктің көлемі үлкен», - дейді дәрігер-травматолог Нұрлан Әбішев.