Алматыда 8 ауданды қамтыған ауқымды жаңа жылдық шырша тойы өтті

Алматыда 8 ауданды қамтыған ауқымды жаңа жылдық шырша тойы өтті
Мерекелік кешке барлығы 1700 бала қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылдық киімдер, әсем әуен мен лазерлік шоу. Бүгін Алматыда қаланың сегіз ауданындағы мектеп оқушыларының басын біріктірген жаңа жылдық шырша тойланды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Қазақ Мемлекеттік циркінде ұйымдастырылған мерекелік кешке барлығы 1700 бала қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа жылдық шырша қала оқушыларына арнайы қойылымдар қойылып,  мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айтулы мерекеге келген оқушылар арасында  мемлекеттік қолдауға зәру жетімдер, ата-ана қарауынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі балдырғандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен оқу үздіктері бар. Салтанаттты кешке Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, балаларды мерекелерімен құттықтады.

«Жаңа жыл – ең алдымен балалардың мерекесі, өйткені олар сиқырға сенеді. Сендер – Тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар. Тәуелсіздік жылы дүниеге келген сендер жас мемлекетімізбен бірге өсіп, нығаюдасыңдар. Сендерге денсаулық пен бақыт тілеймін! Өздеріңе, болашақтарыңа және алға қойған мақсаттарыңа жетуге ұмтылыңдар!», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.

Жаңа жылдық кеште үлкен Мәскеулік цирктің сайқымазақ әртісі Оксана Нескладная жиналғандарға күлкі сыйлап, кешті қыздыра түсті. Күлкілі әртіс түрлі трюктер орындап, жас көрермендермен ойындар ойнады. Балаларға арналған тағы бір жаңа жылдық тосын сый - үлкен лазерлік шоу болды. 

Сонымен қатар, қайырымдылық шыршада акробаттар мен сүйікті мультфильм кейіпкерлері өнер көрсетіп, шоу-балет «Жаңа жылмен, Алматы!» вокалды-хореографиялық қойылымын қойып, балаларды ғажайып әлеміне ерітті. Ертегі кейіпкерлері жас алматылықтарға нағыз жаңа жыл сыйлап, ұмытылмас эмоциялар сыйлады. Осындай сиқырлы кештен ерекше әсер алған жас тұрғындар қуаныштарын да жасырмады.  

Мерекелік кеш соңында ертегі кейіпкерлері балаларға көптен күткен сыйлықтарын табыс етті. Әр балаға рюкзак, кітап, тәттілер мен ойыншықтар және нетбуктер тарту етілді.

Аяулым Көлжігіт, Анастасия Яцун, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров