Қаңтар оқиғасы кезінде лаңкестер қаладағы 11 тұрғын үйге шабуыл жасаған. Террористердің заңсыз әркетінен жапа шеккен тұрғындар оқиғаның қалай болғанын Almaty.tv тілшілеріне айтып берді.
Лаңкестер алдымен 5-қабатты үйдің жертөлесіне түсіп, өрт қоймақ болыпты. Кейіннен жоғарғы қабаттағы терезелерге оқ атып, тұрғындардың берекесін қашырған.
Бейнекадрлардан лаңкестердің тұрғын үйге қалай шабуыл жасағанын аңғаруға болады. Тұрғындар олардың бұл іске әбден дайындалғанын айтады. Себебі үйді өртемес бұрын алдымен бірінші қабатта орналасқан мейрамханалар мен дәмханалардың бейнебақылау камераларын, сондай-ақ дабыл қаққыш құрылғыларын сындырып, істен шығарған. Содан кейін ғана жымысқы әркеттеріне көшіпті. Тұрғын үйдің ішін емес, жертөлені өртегендері де бекер емес дейді олар.
«Біз бастапқыда өртті өзіміз сөндірмек болдық. Шамамен көршілерден 30-40 адам жиналды. Өз басым екі шелекпен жүгіріп жүріп, өртті сөндіруге тырыстым. Екінші қабаттағы көрші терезеден шланг шығарып, суды сол жерден жіберді», – деді қала тұрғыны Кәмилә Айтқалиева.
5 қабатты тұрғын үй Сәтбаев көшесінің бойында орналасқан. Жолдың арғы бетінде қала әкімдігінің ғимараты бар. Лаңкестердің бір тобы әкімдік ғимаратын өртесе, енді бір тобы сол маңайға жақын жердегі үйлерге шабуылдаған. Мұндағы тұрғындар бойын үрей мен қорқыныш басқанын айтады.
«Атылған мылтық пен тапаншаның дауысы қатты естіліп жатты. Терезеден қарауға мүмкіндік болмады. Есігімізді іштен іліп, тыныш отырудан басқа амалымыз болмады. Үйден шығып қашып кетуге де қорықтық. Далаға шықсақ, атыс-шабыстың дәл ортасына түсесің», – дейді тағы бір тұрғын Виктория Шалкаускайте.
Оқиға салдарынан тұрғын үйге келген шығын көлемі ауқымды. 44 пәтердің терезесі жарамсыз қалды. Оны қалпына келтіру жұмыстарын қала әкімідігі толығымен өзі жүргізетінін айтты.
«Біз дер кезінде тұрғындардың басын қосып, кімге қандай шығын келгендерін жазып, әкімдікке хат жолдадық. Қазір олар алғашқы көмек көрсету жұмыстарын бастап та кетті. Бізге мердігер компания бөлді. Аз уақытта пәтерлеріміз қайта қалпына келеді деп үміттенеміз», – деді Пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Мәнсия Жұмақанова.
Қала әкімдігі лаңкестік әрекет салдарынан жалпы мегаполис бойынша 11 тұрғын үйдің зардап шеккенін растап отыр. Алдағы уақытта олардың бәрі кезең-кезеңімен қайта қалпына келтірілетін болады. Сондай-ақ шығын көлемі жерлікті бюджет есебінен өтелмек.
Жанар Ғаниқызы, Ұлағат Арғын, Дияс Махамбетов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы