Жамбылда жүк көлігінің жүргізушілері дизель отынына жарымай отыр

24.06.2021 20:57

Жұмыссыз қалдық дегендер Үкіметтен мәселені шешіп беруін сұрайды

Жамбыл облысында жүк көлігінің жүргізушілері жанармайға жарымай жатыр. Олар сұйық отынның жоқтығынан бірнеше күннен бері не жолға, не үйге қайта алмай тұрғанын айтады. Жұмыссыз қалдық дегендер Үкіметтен мәселені шешіп беруін сұрап отыр. Жамбылдық жүргізушілердің жанайқайын Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жеткізсін.

Жүргізушілер облыс аумағындағы жанармай бекеттерінен мүлде дизель таппадық деп қынжылып отыр.  Шынында да, Тараздағы үлкен бекеттердің кейбірі отынның бұл түрін мүлдем саудалауды қойған. Салдарынан халық қайда барып кімнен сұранын білмей дал.

Блиц:

- Солярка күннен күнге қымбаттап жатыр. Қазір мүлдем жоқ. Қараңызшы мына жерде қанша көлік тұр. Бәрінде бала-шаға бар. Осылай осы жерде түнеп жүрміз. Не жұмысқа, не үйге бара алмай.

- Дизельдің бағасы 200 ден асып кетті. Алыс жолға кеткендер Меркі, Лугавойдан қайтып жатыр. Себебі бүкіл трассада дизель жоқ.

Жүргізушілер ұзақ жолға шыққан көліктер жолда қалып, қайта қайтуына тура келіп жатқанын айтады. Ал, облыстық энергетика басқармасынан ешқандай жауап болмады. Дегенмен Энергетика министрлігі мәселе бір аптаның ішінде шешіледі дейді. Айтуынша, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында қажетті көлем өндіріліп жатыр. Бірақ бірер күн тасымалдаудан проблема болған көрінеді.

«6,5 мың тонна дизель отыны кеше жөнелтілді. Соның ішінде 1200 тоннасы Шымкент  мұнай өңдеу зауытына түсті. Әрі қарай автокэлектермен бекеттерге  жеткізіледі. 1-2 күндікте қазіргі таңдағы ситуация шешіледі деп ойлаймыз», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Вице-министр Шымкент мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылмас бұрын 211 мың тонна дизель отыны жиналып қойғанын айтты. Бірақ неге екені белгісіз 3-4 күнде тәуліктік сұраныстың 50 пайызы ғана шығарылып отырған. Мәселе содан болуы мүмкін дейді. Дегенмен жауаптылар айтқандай мәселе алдағы аптада шешілмесе, егіс егіп жүк көлігін тізгіндегендерде үлкен қиындық туындауы мүмкін.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан