Жасыл ел: Алматыда жастар жасағының саны артып келеді

01.08.2023 01:10

2020 жылы Сәтбаев университетінде 40 студенттен тұратын құрылыс отряды құрылған еді

Almaty.tv

Жасыл ел – жасампаз жастардың басын біріктіретін мекен. «Әрбір жас өз елінің патриоты болуы керек» деген бастамамен 2020 жылы  Сәтбаев университетінде 40 студенттен тұратын құрылыс отряды құрылған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Университет аумағынан бөлек, қаланы абаттандыру, көгалдандыру мақсатында құрылған жастар ұйымына биыл 3 жыл. Осы уақыт аралығында Университет қабырғасында студенттердің көмегімен 50-ге жуық аудитория, конференц зал, 5 дәрісхана және лабораториялар күрделі жөндеуден өтті. Қазір де құрылыс жасағының жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Университет басшылығының айтуынша, жастарды жұмысқа тарту арқылы еңбекті құрметтеуге, Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімді оятуда ұйымның алар орны ерек.

– Қазіргі таңда 40-қа жуық студент университетімізде жұмыс істеп жатыр. Жатақханаларды және университетіміздің оқу лабораторияларында жөндеуге кірісіп кетті. Бұл – білім мен еңбекті ұштастыру, – деді Satbayev university Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев.

Университет жанынан құрылған студенттер отрядының мүшелері жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жастар жасағының құрамында да қызмет етеді. Еткен еңбектері үшін білім ордасы 92 мың 592 теңге төлесе, жаз мезгілінде «Жасыл ел» қосымша 70 мың теңге береді. Сонымен қатар, демалыс күндері түрлі сауықтыру бағдарламалары да қарастырылған.

– «Жасыл ел» жастар бағдарламасы бізді патриот болуға тәрбиелейді. Өз қаламызды, өз университетімізді таза ұстауға үйретіп жатыр.  «Жасыл ел» бағдарламасы демалыс күндерімізді бос өткізбей, сенбі, жексенбі күндері түрлі ойын-сауық ұйымдастырып тұрады, – деді студент Арман Жұмағұлов.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін құрылған «Жасыл елдің» қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр Алматы қаласы бойынша 1900 жас қатысса, биыл олардың саны 2 мыңнан асқан.  

Қайрат Советбекұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесі өтті