|
04.04.2019 | 20:10
5767

Алматыда қалталы азаматтар жерін заңсыз кеңейтіп, өзен арналарын қоқысқа толтыруда

Оларға салынатын айыппұл көлемі 100 АЕК-тен аспайды

Алматыда қалталы азаматтар жерін заңсыз кеңейтіп, өзен арналарын қоқысқа толтыруда

Алматының ауқаттылары алған жерін аздық етіп, ашкөздікпен өзеннің жағасына да ауыз сала бастаған. Қия жарды тегістемек болған Медеу ауданының тұрғыны өзенге қоқыс төгіп тастап, экологияға орасан зор залал келтірді деп жазады Almaty.tv тілшісі. Өзінің заңсыз әрекетін біле тұра ол құзырлы орган өкілдерінің ескертпесіне құлақ аспай жүр.

Ақысын төлеген жанға жалданып жұмыс істей беретін Алтай есімді жігіт ауылдан келген. Қаланың тәртібін толық білмейтін ол қожайын айтты деп трактормен топырақты төменге ысырып жатыр. Қалдық араласқан қоқыс Кіші Алматы өзеніне төгілуде.  

Үш қабатты зәулім үйі мен алдындағы жері тарлық еткен Медеу ауданының ауқаттысы өзен аңғарындағы қия бетті тегістеп, жерді заңсыз жекелеп, кеңейтпек болған. Трактордың сағатына 7 мың теңге төлеп, жұмыс істетіп жатқан қожайынға заңсыз әрекеті үшін елу мың теңге ғана айыппұл саламыз деген экологтар үй иесін таппай, тек жұмысшыға ғана 20 АЕК көлемінде айыппұл жазып берді.    

«Сағаты 7-8 мың теңгеден. Жұмысты қалай аяқтаймын, соған байланысты төленеді ғой. Қазірге дейін шамамен 4-5 сағаттай істеген шығармын», - дейді өзенге топырақ төккен тракторшы Алтай САҒЫНДЫҚОВ.

Кіші Алматы өзені мен халық серуендеуге шығатын Тереңқара аңғарын ластаған қожайынды эколгтар қанша шақырсада келтіре алмады. Тәттімбет көшесінде тұратын қалталы азамат секілді ойына келгенін істейтін ауқаттылар аз емес дейді қоқыс тастаушылармен күресіп жүрген экологтар.  

«Мұндайлар өзеннің жағасын қоқысқа толтырып, табиғатты жеке басының пайдасы үшін пайдаланып жүр. Солармен күресіп жатырмыз. Мұндай жайттар Алматыда жиі болады. Заң бұзғандарға ары кетсе 100 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Ал, мынау жұмысшыларына 20 АЕК айыппұл жазылады», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Биылғы үш айдың ішінде қаланың көркіне кесірін тигізгендерге 21 миллион теңгенің айыппұл салынған. Шаһардың тазалығын қадағалайтын 47 эколог бағана, тақтайшаларға жарнама, жапсырма қағаздарын іліп кететіндерге де айыппұл салуды бастады.

Әмірболат Құсайын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

мусор
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир