Облыстық балалар ауруханасына ауыр жағдайда түскен науқасқа кеше кеште ота жасалған. Көлемі 35 те 14 сантиметр болатын ауқымды қалдықты асқазаннан шығару ақ халаттыларға да оңай болмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың ішіндегі қатты қалдық 5-6 жыл бойы шаш пен қылдан жиналған. Ақыры, бүкіл асқазанды бітеп, тамақ өтер орын да қалмаған. Соның салдарынан қыз баланың іш қуысы ісіп, 2-3 апта бойы ауырған. Ал, күрделі отаны екі бірдей бөлімнің меңгерушісі жасады.
«Ота барысында асқазанды ашқанда ол жақта жиналып қалған шаштың бары көрінді. Әбден қатты болып, тұтасып қалған. Сондықтан оны алып тастау да біраз техникалық қиындықтармен жүзеге асты», - деді Жамбыл облыстық балалар ауруханасы ота бөлімінің меңгерушісі Мәулім КЕНЖАЛЫ.
Қазіргі таңда қыздың денсаулығы қалыпты дейді дәрігерлер. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Отадан кейінгі бейімделу мен емін қабылдауда. Дегенмен ақ халаттылар науқастың әлі екі апта ем қабылдауы қажет екендігін айтуда.
Осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысында соңғы рет 6 жыл бұрын орын алса керек.