Маңғыстау облысы - тек мұнай өндіру бойынша ғана емес, аграрлық сала бойынша да әлеуеті зор өлке. Бірақ, өкінішке орай, соңғы мүмкіндікті толық пайдалана алмай жатырмыз деді Төлеутай Рақымбеков. Президенттікке үміткер жергілікті тұрғындармен кездесу барысында аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Маңғыстау өңірінде күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінеді. Соған сәйкес, баға да жоғары. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайларды көбейту керек. Бұл өлкеде түйе шаруашылығы, жылыжайлар, тымшылатып суару арқылы шаруашылық жасауға болады. Осыны ұйымдастыру керек. Ол үшін мемлекет қомақты қаржы бөліп, қолдау жолдарын көрсету керек», – деді үміткер Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ.
Бұған қоса, өңірде жұмыссыздық мәселесі де өте өзекті. Өйткені, мұнайлы өлке деп ауыл жастары осында ағылады. Бірақ, бәріне бірдей тұрақты жұмыс табылмайды. Сондықтан, үміткермен кездесу барысында қатаң және құрғақ климатты сылтаурата бермей, соңғы технологиялардың негізінде ауыл шаруашылығын жандыру жайында айтылды.