Негізгі өзгеріс – бірнеше мекемені бір орталыққа біріктіру
Азаматтық хал актілерін тіркеу енді мемлекеттік корпорация құрамына беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1 шілдеден бастап енгізілетін өзгерісте халық үшін ең маңыздысы - туу, неке қию, ажырасу мен өлім туралы құжаты тіркеу. Енді бұл қызметті АХАТ бөлімшелері атқармайды. Ал азаматтар жоғарыда аталған құжаттарды алу үшін өтінішті электронды түрде беретін болды.
Бірден айтайық, АХАТ мүлдем құрып кетпейді. Бөлімшелер бұрынғыдай қызметін атқара береді. «Бұл тұрғыда азаматтарға ақпарат дұрыс жеткен жоқ» дейді жауапты мамандар.
– АХАТ бөлімдері мемлекеттік корпорация құрамына берілгенімен, қызмет көрсету тәртібі бұрынғыша қала береді. Некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ шешімдер қабылдау және нәтижелерді беруді АХАТ органдары жүзеге асырады. Алматыдағы мұндай мекемелер сол бұрынғы мекенжайда жұмыс істейді. Сондықтан құрылымы өзгергенімен, негізгі қызметте айтарлықтай өзгеріс жоқ, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы қалалық филиалы басшысының орынбасары Әсем Болатбекова.
Негізгі өзгеріс – бірнеше мекемені бір орталыққа біріктіру. Сондай-ақ цифрландырудың сапасын арттыру үшін көп қызмет онлайн түрде қолжетімді болмақ. Ал некеге тұрғысы келетіндер тіркеуші органға жеке басты куәландыратын құжатын әкелуі керек. Неке қию салтанатын өткізу-өткізбеу де сұраныс берушінің өз еркінде.
– Қызметті көрсететін қызметкерлер немесе жұмыскерлер азаматтардың жеке өмірін және отбасылық құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жария еткен жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңында көрсетілген жауапқа тартылады, – деді Әділет департаментіне қарасты бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Бейсенова.
АХАТ қызметтерін тек тіркеуші органның мамандары атқара алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік корпорацияның өзге қызметкерлеріне ақпараттық жүйе қолжетімсіз. Бірқатар қызметтің ақылы екенін де ұмытпау керек. Олардың тарифі қосымша құн салығын ескере отырып есептелмек.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы